$ 538.57  629.48  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Каспий мен Қара теңіз жер асты тоннелі арқылы қосылуы мүмкін

Мұндай идея Әзербайжан компаниясы тарапынан көтерілді

Каспий мен Қара теңіз жер асты тоннелі арқылы қосылуы мүмкін
Фото: sneg.top

Каспий маңы елдері тікелей дүниежүзілік мұхитқа шығатын мүмкіндікке ие болуы мүмкін. Мұндай бастаманы әзербайжандық компания көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Хабар» телеарнасына сілтеме жасап.

Жер асты су коридоры: ауқымды идея

Каспий және Қара теңіздерін қосатын жер асты тоннелін салу жөніндегі ауқымды жобаны әзербайжандық компания ұсынып отыр. Компания өкілдері жобаның техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуге және барлық қажетті ресурсты тартуға дайын екенін мәлімдеді.

Жоспарға сәйкес, тоннельдің диаметрі 10 метр болады және табиғи деңгей айырмашылығының есебінен Қара теңіздің суы Каспийге өздігінен ағады. Жобалаушылар бұл жобаны қаржыландыру болған жағдайда қазіргі заманғы технологиялар жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін алға тартады.

Түркі елдерін жақындастыратын инфрақұрылым

Жоба авторлары тоннельді Грузия жағынан салу түркі мемлекеттері арасындағы байланысты едәуір күшейтеді деп есептейді. Олар бастаманы мемлекеттік деңгейде талқылап, мүдделі елдер арасында алдын ала келіссөздер жүргізуді ұсынып отыр.

Сарапшылар пікірінше, бұл жоба логистиканы оңтайландырып, экономикалық тұрғыдан тиімді мүмкіндіктер ашуы мүмкін. Қазақстан үшін бұл – мұнай, астық және металды Қара теңіз арқылы Жерорта теңізіне, одан әрі Атлантикаға тікелей шығару жолы.

Геосаяси салмағы бар амбициялық бастама

Су ресурстары бойынша сарапшы, Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі Нұрлан Мұңбаевтың айтуынша, бұл жоба бүкіл аймақтың геоэкономикалық картасын өзгертуі мүмкін. Алайда, оны жүзеге асыру үшін орасан зор инвестициялар мен бірегей халықаралық ынтымақтастық қажет.

Каспийдің тартылуы: экологиялық мәселе

Сонымен қатар, тоннель Каспий теңізінің тартылу проблемасын да шешуі мүмкін. Ғалымдар Каспийдің тартылу үдерісін Арал теңізінің апатымен салыстырып, оның экологиялық және экономикалық салдары бүкіл аймаққаәсер ететінін ескертеді.

2025 жылғы ақпанда Каспий деңгейі соңғы 400 жылда болмаған ең төменгі көрсеткішке түсті.

Ақтаудағы ғылыми жобалар

Маңғыстау өңірінде де теңіз экологиясын зерттеуге бағытталған жобалар басталып жатыр. Эколог Сымбат Қойбақованың айтуынша, бірқатар бағытта зерттеулер жүріп жатыр:

  • Каспийдің ластану деңгейін анықтау;
  • Мұнай дақтарын спутник арқылы қадағалау;
  • Гидрохимиялық құрамның өзгеруін зерттеу;
  • Теңіз ағыстарын және гидробиологиялық жағдайды бақылау.

Экологиялық қауіптер мен шешімдер

Әзербайжандық компания жобаны жүзеге асыру барысында халықаралық экологиялық бақылау және биоәртүрлілікті қорғау шаралары жүргізілетінін мәлімдеді. Алайда мамандар экожүйеге төнетін қауіптерге де назар аударып отыр.

Нұрлан Мұңбаевтың айтуынша, екі теңіздің тұздылығы мен деңгейінің айырмашылығы олардың ерекше биоценозына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан шлюздік жүйелер арқылы су массаларын бөліп ұстау сынды технологиялар қажет болады.

Ұқсас жоба: Фемарнбельт тоннелі

Жоба авторлары өз идеяларын дәлелдеу үшін 2021 жылы басталған Дания мен Германия арасындағы Фемарнбельт суасты тоннелін мысалға келтіреді. Бұл құрылыс 4 жыл ішінде аяқталады деп жоспарланған.

Айта кетейік, осыған дейін Каспий теңізі жыл өткен сайын тартылып бара жатқаны хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары