Ақтауда жатын бөлмесіне есірткі өсірген адам небәрі 1 жылға сотталды
Ақтауда есірткі өсімдігін заңсыз өсірген азаматқа сот үкімі шықты

Ақтауда 2025 жылдың 3 наурызында жатын бөлмесіне есірткі өсірген ер адам ұсталған. Оның үйінен каннабис бұталары табылған. Осы іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жатын бөлмеде өсірілген каннабис
Ақтау қалалық сотында есірткілік өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша айыпталған азаматқа қатысты үкім шығарылды. Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 3 наурызда ер адамның тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында оның тұрғын бөлмесінен каннабис өсімдіктері табылған.
Тексеру нәтижесінде екі түп өсімдік жатын бөлмеде – төсек пен шкафтың арасында өсірілгені анықталған. Сараптама бұл өсімдіктің жалпы салмағы 1,2 келіге жететін есірткілік қасиеті бар қарасора (конопля) екенін растады.
Сот жеңіл жаза тағайындады
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді. Ол бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Ал прокуратура керісінше, қатаңырақ жаза қолдануды талап етті.
ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігіне сәйкес, есірткі құрамындағы өсімдіктерді заңсыз егу және өсіру әрекеті үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Соған қарамастан, сот кінәліге 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Айта кету керек, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар апелляциялық тәртіппен шағымдануға құқылы.