Макинск қаласындағы су тасқыны: автожолдарды бұзу туралы шешім қабылданды
Төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Ақмола облысы, Буланды ауданындағы су тасқынына байланысты Макинск қаласында төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қалада дамбаларды бекіту және тұрғын үйлерді қорғау үшін инертті материал салынған қаптар төселіп жатыр. 400-ге жуық қызметкер мен 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Су тасқыны қаупін азайту мақсатында автожолдарды әдейі бұзу туралы шешім қабылданды. Бұл гидравликалық қысымды төмендетіп, судың еркін өтуіне мүмкіндік береді, сонымен қатар қаланың су астында қалу қаупін азайтады», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда ТЖМ вице-министрі Рамиль Камалов пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов апат орнында жүр.
Тасқын салдарын жоюға Ақмола облыстық ТЖД, сондай-ақ Көкшетау, Атбасар және Астанадан арнайы бөлімшелер тартылған. Жақын уақытта Қарағанды облысынан қосымша күштер келеді деп күтілуде.
«Жағдай толық бақылауда. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тасқын салдарын азайту үшін барлық шаралар қабылдануда», – деп мәлімдеді ТЖД өкілдері.
«Қазгидромет» мәліметінше, соңғы тәулікте Буланды ауданында жауын-шашын мөлшері орташа айлық нормадан 169% артық болған.