Түркістандағы қазақ-корей университеті мерзімінен бұрын салынып бітеді
Жаңа оқу орны IT, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға бағытталады

Түркістанда салынып жатқан Қазақ-корей бірлескен университетінің ғимараты жоспарланған мерзімнен ерте аяқталуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жобаға сәйкес, 18 қабатты ғимарат 2025 жылдың тамызында пайдалануға берілуі тиіс. Алайда құрылысшылар оны мамыр айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Облыс әкімі университеттің жаңа оқу жылына толық дайын болуы керек екенін атап өтті.
«Ғимарат сапалы әрі жүйелі салынуға тиіс. Сонымен қатар ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарына уақыт қажет. Сондықтан құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жоғары деңгейде орындау маңызды», — деді аймақ басшысы.
Университет құрылысы 2023 жылы ҚР Білім министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі мен Оңтүстік Кореяның Woosong университеті арасындағы келісімнің негізінде басталды.
Жаңа оқу орны IT, техникалық мамандықтар, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салалары бойынша мамандар даярлауға бағытталған.