«Еліміздің дамуына оң ықпал етеді деп сенеміз»: Әшімбаев Сенат қабылдаған заң жобалары туралы
Заң аясында петиция институты енгізіледі

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында қабылданған заң жобалары жайлы айтып өтті, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Бүгін қабылданған заңдар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленді. Олар мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді. Негізгі заң арқылы қоғамдық бақылаудың нысандары, оның нәтижелері, азаматтар мен бақылауға жататын объектілер мен құқықтары мен міндеттері айқындалып отыр. Сондай-ақ заң деңгейінде азаматтардың мемлекеттік процестерге қатысты пікір білдіруінің қосымша тетігі – петиция институты енгізіледі. Мұндай жаңа нормалар алдағы уақытта қоғамның қажеттіліктерін барынша ескеруге мүмкіндік беруге тиіс», - деді ол.
Әшімбаев атағандай, осылайша, халықтың көкейіндегі мәселелерді мемлекеттік органдарға тұрақты түрде жеткізудің заңдастырылған қосымша тетіктері қалыптасады.
«Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлкеттік институттарға деген сенімін арттырып, еліміздің дамуына оң ықпал етеді деп сенеміз», - деді Әшімбаев.
Сенаттың отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдары мақұлданды.