Сенат қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын заң жобасын мақұлдады
18 жасқа толған азаматтар қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатыса алады
Сенат депутаты Руслан Рүстемов Сенаттың жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы жайлы баяндап берді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Қоғамдық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдары Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес әзірленді. Аталған заңдар мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған», - деді Рүстемов.
Ол атағандай, заңда қоғамдық бақылау ұғымы, қоғамдық бақылаудың мақсаты мен басты қағидаттары айқындалады.
«Қоғамдық бақылауды іске асыратын қоғамдық бақылау субъектілері және қоғамдық бақылау объектілері айқындалады және олардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Мысалы, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы болады. Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, субъектілерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті болады», - деді ол.
Депутат атағандай, қоғамдық бақылаудың негізгі формалары ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау ұсынылады.
«Заңда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады. Қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті», - деді ол.
Сондай-ақ отырыста қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін ілеспе заң бар.
«Заң қоғамдық бақылауға қатысты салалық заңнамаларға өзгертулер енгізумен қатар, петиция институтын регламенттеу жөніндегі түзетулерді де қамтиды. Заңнамада петиция ұғымы беріледі. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітіледі. Петицияны Қазақстан Республикасының азаматтары арнайы интернет-портал арқылы бере алады. Уәкілетті орган петиция жария болғанша оның заңда бекітілген шарттарға сәйкестігін анықтайды», - деді ол.
Сенат негізгі және ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.