Жамбыл облысында таңқурайға бөлінген 900 млн теңгені жымқырғандар анықталды
Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды

Жамбыл облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті таңқурайдың элиталық сортын отырғызуды субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тергеу барысында шаруа қожалықтарының жер телімдерінде таңқурай отырғызылмағаны, көшеттер мүлдем сатып алынбағаны анықталды.
«Өздерінің қылмыстық әрекеттерімен 4 адамнан тұратын топ, 2 жыл ішінде мемлекетке 900 млн теңгеден астам шығын келтірген. Тергеу барысында барлық күдіктілер қамауға алынып, олардың жалпы құны 1,9 млрд теңге құрайтын мүлкіне тыйым салынды», - делінген прокуратура хабарламасында.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы, 216-бабының 3-бөлігі және 218-бабының 2-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.