Екібастұзда зардап шеккен тұрғындарға кешке дейін партия тарапынан гуманитарлық көмек көрсетіледі - Қошанов
«AMANAT» фракциясының депутаттары Екібастұз қаласына жолға шықты
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Екібастұз қаласына гуманитарлық көмек көрсетілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Екібастұздағы төтенше жағдай күллі қазақстандықтарды алаңдатуда. Қазір бұл мәселемен тиісті мемлекеттік органдар айналысып жатыр. Қаладағы ахуал Мемлекет басшысының ерекше бақылауында.
Мәжіліс депутаттары да елмен бірге! Халыққа шұғыл көмек көрсету мақсатымен кеше «AMANAT» фракциясының депутаттары Екібастұз қаласына жолға шықты.
Кешке дейін зардап шеккен тұрғындарға партия тарапынан гуманитарлық көмек көрсетіледі. Әсіресе, жылы киімдер, көрпе-жастық және қазіргі уақытта ең қажетті жылытқыш құралдармен қамтамасыз етеді», - деп жазды Facebook парақшасында.
Айта кетейік, бүгін Павлодар облысының Екібастұз қаласында жылу желілеріндегі апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Қала әкімдігінің мәліметінше, 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды нысан әлі де жылусыз отыр.