Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды
Көпқабатты үйлердің тұрғындары жылусыз отыр
Бүгін Павлодар облысының Екібастұз қаласында жылу желілеріндегі апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, төтенше жағдай режимі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша жалғасады.
«Азаматтық қорғау туралы заңның 48-бабына сәйкес Екібастұз қаласының аумағында жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізіледі» делінген хабарламада.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды нысан әлі де жылусыз отыр.
Айта кетсек, 27 қарашада Екібастұз қаласында жылу қазандығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған болатын. Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.
Энергетика министрлігі жылу құбырларының 70%-дан астамы тозып кеткенін хабарлады.