Омбы-Майқапшағай жолына жұмсалуы тиіс 21 млрд теңге талан-таражға түскен
Енді наразы жұртқа жол сапасын бақылаушылар мен жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары көмектеспек
Мақсатсыз жұмсалған 21 миллиард теңге. Омбы-Майқапшағай жол құрылысының бітпей жатуына осынша соманың талан-таражға түсуі де әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дәл осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғады. Осылайша қазір бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тексеріс күшейтілді.Жалпы өлкедегі жолдарда заңсыздықтар жиі анықталып жатыр. Бұған өткізілген рейд нәтижелері айғақ. Омбы-Майқапшағай жол құрылысы бойынша әлі бір оңған нәтиже жоқ.Осы жазда аяқталу керек болған жоба тағы екі жылға созылды. Талай себеп айтылды.Енді ол қатарға жемқорлық та қосылуы мүмкін.Құзырлы орган өкілдері мердігер компания өте қомақты қаражатты қалтасына салуы ықтимал екенін мәлімдеді.
«Қалбатау Майқапшағай автожол құрылысына қатысты 21 миллиард теңгені мақсатсыз пайдалану яғни талан-таражға түсу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Ол әлі жалғасып жатыр. Құжаттар толық жинақталған соң процессуалды шешім шығарылады», - деді ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Денис Шакенов.
Республикалық маңызды жолдарда ғана емес, тіпті облыс ішіндегі жергілікті бағыттағы жол құрылысы да заңсыздыққа тұнып тұр.
«2022 жылы жолдарға 814 тексеріске шықты,60-тан аса бұзушылықтар анықталды. Тексеріс барысында. Мың шақты сынама алынды жолдардан, қазір тексеріс жүргізіліп жатыр», - деді ШҚО Жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері Айдос Қабылбаев.
Бұдан бөлек құжат бойынша дардай қып жол салынған деп көрсетілген жерге барсаң шаң басқан,асфальт төселмеген жолды көріп таң қаласың дейді қоғам белсенділері. Ұлан ауданынның орталығы Қасым Қайсенов кентінде де мысал көп. Мұндағы Нұржау көшесінде құжат бойынша тротуар салыну керек болғанмен,ол атымен жоқ. Ал осы аудандағы Шымқора ауылына кіреберіс жолды сол маңда жол салып жатқандардың өзі талқанын шығарыпты. Алматы-Өскемен трассасын төсеп жатқандар, соңынан бәрін оңалтамыз деп уәде берген екен.Бірақ содан бері 4 жыл өткен.Осы учаскедегі жұмыс аяқталып, уәде бергендер енді кетуге қам жасаған.
«2,8 км өздері бұзған жолды олар кетер кезде дәл алдындағыдай қылып тіпті одан да жақсы қылып жөндеп береміз деген болатын, енді кетеді деп жатыр, жол сол қалпы қалды. Соған біз наразы боп кеп тұрмыз», - деді Егінсу ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат Мағауиянов.
Енді наразы жұртқа жол сапасын бақылаушылар мен жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары көмектеспек.