$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбеде 1 млрд теңгеге салынып жатқан веложолдың құрылысынан шу шықты

Құрылыс жұмысы жоба бойынша 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс

Ақтөбеде 1 млрд теңгеге салынып жатқан веложолдың құрылысынан шу шықты
Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде салынып жатқан веложолдың сапасына тұрғындардың көңілі толмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбеде ұзындығы 52 шақырым болатын веложол салынып жатыр. Бұл мақсатқа қазынадан 1 миллиард 300 миллион теңге қарастырылған. Құрылыс жүріп жатыр. Қаланың 312-ші атқыштар дивизиясы даңғылының бойында 10 шақырымдық веложол салынуы керек. Қазіргі таңда оның 8 шақырымы салынып біткен. Алайда, тұрғындардың жол сапасына көңілі толмайды. Жолды суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жазып жатыр.

Аталған даңғылда салынып жатқан веложолды көзімізбен көрдік. Салынып біткен жолдың жиегінде құрылыс материалдарының қалдықтары қалай-болса солай шашылып жатыр. Веложолдың бас-аяғы жоқ. Әр жерінен үзік-үзік. Салынған жолдың кейбір жерлері шытынаған.

Ал мердігер "Global Construction Development" ЖШС-ның жетекшісі Самат Кущанов жолдың американдық технологиямен салынып жатқанын айтып, шаң жуытпады. Жолға төселетін бетон ыстық пен суыққа, күн сәулесі мен қышқылға, суға төзімді. Салынған жол "15-20 жылға шыдас береді" деп сендірді. Веложолдың құрылысы екі кезең бойынша жүргізіледі. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған. Бірінші кезеңде негізгі құрылыс жүрсе, екініші кезеңде велосипедшілердің жүруі үшін арнайы пандустар қойылады.

«Велосипед мінетіндер жолдың үзік-үзік екенін, мініп-түсу ыңғайсыз екенін айтты. Алайда бірден жалғап кетуге техникалық тұрғыдан мүмкіндік болмады. Екінші кезеңде барлық кемшілік жойылады», - деді серіктестік өкілі.

Аталған кемшіліктерді қала әкімінің орынбасары Дамир Көбенов те растады. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылғанын айтты. Қалалық әкімдік және депутаттар мен велоқауымдастық өкілдері тексеру жүргізді. Нәтижесінде бір емес, үш кемшілік анықталыпты.

"Біріншіден, құрылыс жүргізген мекеме жұмыс аяқталғаннан кейін қалдықтарды жинамаған. Жолдың жиегінде шашылып жатыр. Екінші, веложол үзілмеуі керек. Қазір жол үзік-үзік болып жатыр. Бұл көшенің бойында мекемелер бар. Яғни, заңды тұлғалардың аулаларына кіретін жерді тастап кеткен. Олардың аулаларына кіру үшін көлік қозғалысын тоқтату керек. Үшінші, жолдың кейбір жері ашық, бөлек қалдырыған. Бұл жерге пандус салынуы керек", - деді Дамир Көбенов.

Дамир Көбенов құрылыс жұмыстарын жүргізуші "Global Construction Development" ЖШС-ның жетекшісі Самат Кущановқа ескерту жасады. Ол аталған кемшілікті он күн ішінде жоюға уәде берді.

«Он күннен кейін қайта тексереміз. Осы ақаудың барлығы жойылмай қабылдамаймыз және ақшасы төленбейді», - деді қала әкімінің орынбасары.

Құрылыс жұмысы жоба бойынша 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Биыл 600 миллион теңге бөлінген. Ал осы айға 180 миллион теңге қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары