Батысқазақстандық полицейлер 27 мыңнан астам трамадол таблеткасын тәркіледі
Есірткінің заңсыз айналымына байланысты 3 қылмыстық және 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Батысқазақстандық полицейлер 27 мыңнан астам трамадол таблеткасын тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
БҚО-да 5-9 қыркүйек аралығында “Дармек” жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Мемлекет басшысы Жолдауында құрамында есірткі бар препараттардың таралуына қарсы күресті күшейтуге баса назар аударды.
БҚО Полиция департаментінің басшылығымен есірткі қылмыстары мен қылмыстарын анықтау және жолын кесуге бағытталған түрлі жедел алдын алу іс-шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. “Дармек” жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері 4 дәріхана, 1 қойма, 9 емдеу мекемесі және 1 өнеркәсіптік кәсіпорын тексерілді. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты 3 қылмыстық және 12 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
12 әкімшілік материалдың 11-і ҚР ӘҚБтК-нің 424-бабы (Заңсыз медициналық және (немесе) фармацевтикалық қызмет) бойынша және ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша жауапкершілікке тарту үшін Фармацевтикалық бақылау комитетіне жолданды. Айта кету керек, тексерілген 4 дәріхананың екеуі трамадолды рецептсіз сатқан. Бұл медициналық мекемелер халыққа қажетті дәрі-дәрмектерді ұсыну түрінде көмек көрсетуі керек, ал олар оның орнына дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан.
Заңсыз айналымнан трамадол препаратының 27 055 таблеткасы, тропикамидтің 242 құтысы және 5 тоннадан астам күкірт қышқылы алынды.