ШұғылҚазақстанда бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан 30 адам көз жұмды

Министрлік Қордай оқиғасының неден басталғанын түсіндірді

5 ақпан күнгі жанжалда ақсақал кісінің де болғаны расталды

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Елордада өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайдағы қақтығыстың неден басталғанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бастапқыда, яғни 5 ақпан күні екі ауылдың тұрғындары өзара жанжалдасып қалған. Тұрмыстық қақтығысқа қатысқандардың бірі қазір ұсталып, қалғаны ауданнан шықпайтыны жөнінде қолхатпен босатылды», - деді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілерге.

Министр орынбасары ауыр жүк көлігі үйден шығып келе жатқан кезде жолда келе жатқан автокөлікпен жолға таласып қалғанын айтты.

«Екі көлікте үш-үш адамнан болған. Алайда өзара жанжал соңы төбелеске ұласқан», - деді А. Калайчиди.

ІІМ басшысының орынбасары жол үстіндегі жанжалға қатысушылар арасында ақсақал кісінің де болғанын растады.

«Үлкен кісі төбелес кезінде зардап шеккен, оның сан сүйегі сынған... Біз бүгінде барлық ақпаратқа талдау жүргізіп отырмыз. Қақтығыс орнында жүзге тарта адам болған. Олардың әрқайсысының сол жерге келу себебін зерттеп жатырмыз», - деді ол.

Осы жанжалдың видеосы жақын маңдағы ауылдар арасына тарап кеткен. Видеоны таратқандардың пікірлері де тым қатты болған.

«Ол жақта әр ауылдың өз чаты бар. Видео сол чаттарда таралып кеткен. Соларда ақсақал кісінің соққыға жығылғаны, арандатушылардың теріс пікірлері жазылған. Оның бәрі екі күн бойы сол чаттарда жиналып қалған. Әлбетте,қызу қанды жастар көп отырады онда да. Ауылдар да бір-біріне жақын орналасқан. Сондықтан жұма күні кешке қарай бәрі жұмыстан келген соң жиналып Масаншы ауылына қарай шығып кеткен», - деді Калайчиди.

Еске сала кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаның бұзақылық екенін, оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын айтты.

8 ақпан күні ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккенін, қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 47 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, жаппай төбелес барысында қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.

9 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайға жол берген меморган қызметкерлері мен арандатушылардың жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Сұхбат