Қордайдағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды
Комиссия кикілжің себептерін анықтайтын болады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің өкімімен Жамбыл облысының Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Б. Сапарбаевтың төрағалығымен құрылған Комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ж. Түймебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Ш. Хахазов және «Дүнген қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А. Воинце мен Қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрлері, Ақпарат және қоғамдық даму, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым вице-министрлері, Ішкі істер, Қорғаныс министрлерінің орынбасарлары, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарлары кірді.
Комиссия алдында кикілжің себептерін анықтау, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді шұғыл шешуді қамтамасыз ету міндеттері қойылды.
Айта кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаның бұзақылық екенін, оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын айтты.
8 ақпан күні ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккенін, қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 47 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, жаппай төбелес барысында қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты. Бас прокуратура арандатушылыққа жол бергендердің жазаланатынын мәлімдеді.