$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.02.2020, 11:11
Оқиғалар

Масаншыдағы жанжал: Тоқаев адам шығыны барын мәлімдеді

ҚР Президенті Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Президент сондай-ақ, жаппай төбелес барысында адам шығын болғанын айтты, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды.

Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды.

Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін.

Қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды.

Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым.

Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев төрағалық етеді.

Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды.

Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады.

Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады.

Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.

Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім.

Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді.

Қадірлі отандастар!

Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі.

Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған.

Сондықтан, біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз.

Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын.

Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын.

Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

 

Серіктес жаңалықтары