Арандатушылыққа жол бергендер жазаланады – Бас прокуратура
Қордайдағы жағдайды Бас прокуратура жеке бақылауына алған
ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жаппай төбелеске байланысты мәлімдеме жасады.
«ҚР Конституциясы ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген әрекетке тыйым салады. Бұл талапты орындамағандар ұлттық араздық тудырғаны үшін, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыған байланысты азаматтарды сабыр сақтап, арандатуға ермеуге, жалған ақпарат таратпауға шақырамын. Тергеу нәтижелеріне қатысты барлық мәліметті ІІМ мен Бас прокуратура хабарлайды. Құқық қорғау органдары кез келген құқық бұзушылықтың жолын кесіп, оларға жол бермеу үшін қажетті барлық шараны қабылдайды», - деді Б. Дембаев бүгінгі брифингте.
Жағдайды Бас прокуратура жеке бақылауына алған.
«Кінәлілерді анықтап, жазалау үшін барлық шара қолданылады. Зардап шеккендерге құқықтық көмек көрсетіледі. Қазір жекелеген азаматтар жалған оқиғаны бұрмалап, жалған ақпарат таратып, заңға қайшы әрекеттерге шақырып жатыр», - деді ол бұған қатысты.
Айта кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаның бұзақылық екенін, оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын айтты.
8 ақпан күні ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккенін, қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 47 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, жаппай төбелес барысында қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан