Ауыл тұрғындары мен балаларға арналған кәсіби медициналық тексерістер тізімі кеңейтілді
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жаңа бұйрық бекітті
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарын профилактикалық тексеру қызметтерін кеңейту туралы бұйрықты бекітті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметіне мәлім еткендей, жаңашылдықтар ауыл халқына медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсарту мақсатында жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде қала және ауыл халқы арасындағы медициналық қызметтердің қолжетімділігіне қатысты теңсіздікті кезең-кезеңімен теңестіруге, сақтандырылмаған халықты медициналық көмекпен көбірек қамтуды, ауыл халқы арасында аурулардың алдын алуға бейілділік мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеруді жүргізу үшін алдымен 18 жастан 29 жасқа дейін тұрғындар қамтылады. Айта кетер жайт, бұған дейін жастар 30 бен 70 жас аралығындағыларға арналған скринингтік зерттеулермен қамтылмаған болатын. Жас адамдарды зерттеу жүрек-қантамыр жүйесінің, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларының, онкологиялық аурулардың (қуық асты безінің) ауруларын ерте сатысын анықтауға мүмкіндік береді.
«Ауылдық жерлерде профилактикалық тексерулер жүргізу үшін 4 нысаналы топ айқындалды: «Жастар» – 18 жастан 29 жасқа дейін, «Еңбек-1» – 30 жастан 44 жасқа дейін, «Еңбек-2» – 45 жастан 65 жасқа дейін және «Зейнеткер» 66 жас және одан жоғары», - делінген ДСМ хабарламасында.
Ауыл тұрғындарына асқазан-ішек жолы, зәр шығару жүйесі, ересек жастағы топтағы туберкулез және қуықасты безі обырын ерте анықтау қызметтері кеңейтілді.
«0 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеруді ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында осы жылы 1 жас, 3, 6 және 14 жас аралығындағы балаларға назар аудара отырып, зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін қоса алғанда, профилактикалық тексеру пакеттерін кеңейту жоспарланып отыр. Көрсетілген жас санаттарында қосымша жалпы клиникалық зертханалық талдаулар енгізілген», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, жастар денсаулық орталықтарының базасында жасөспірімдер мен жастар арасында, оның ішінде жыныстық жолмен берілетін аурулардың, мінез-құлықтық қауіп факторларының, ерте жүктіліктің, суицидтердің, лудоманияның және психикалық, репродуктивтік денсаулықтың басқа да бұзылуының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.