Қайрат Боранбаевты қамауға алу мерзімі тамызға дейін ұзартылды
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті
Наурызда квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікпен ұсталған Қайрат Боранбаевтың қамауға алу мерзімі тағы бір айға ұзартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қамау мерзімін тамызға дейін ұзарту туралы ақпаратты Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі таратты.
«2022 жылғы 8 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.С. Боранбаевқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты», - делінген сот хабарламасында.
Тақырыпқа орай: «Ақшаны қорқытып аудартты»: шымкенттік кәсіпкер Қайрат Боранбаевтан зәбір көргенін мәлімдеді
Еске салсақ, 10 маусымда Қайрат Боранбаев, Қайрат Сатыбалды және Гүлмира Сатыбалдының қамауға алу мерзімі бір айға ұзартылған болатын. Қайрат Сатыбалдының қамауға алу мерзімін тамыз айына дейін ұзарту туралы әзірге ақпарат жоқ.