Алтай Көлгінов үлескер ретінде алданып қалмас үшін не істеу керек екенін айтты
Бүгінге дейін 16 мың үлескер отбасының 13 мыңының проблемасы шешілді
Елордада құрылысы ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. 16 мың үлескер отбасының 13 мыңының проблемасы шешілді. 90 проблемалық көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ-дағы брифинте айтты.
Қала басшысы үлескер ретінде құрылыс компаниясына алданып қалмас үшін тұрғындарға кеңес берді.
«Алданған үлескер болмау үшін құрылыс жұмысын жүргізетін ұйымның өткен тарихын зерттеу, құжаттарын тексеру қажет. Мемлекет тарапынан құрылыс салушыларға қойылатын талаптар күшейтілді: егер құрылыс салушы нысанды аяқтауға жеткілікті қаражаты болмаса (оның ішінде тұрғын үй кешенінің қаңқасы тұрғызылмаған болса), пәтерлерді сата алмайды. Сондай-ақ ТҚКҚ (тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры) кепілдігі болуы тиіс. Әзірлеушінің банк кепілдігі болуы керек, компанияның жағдайы да тексеріледі. Бұдан бөлек, әкімдіктің ресми аккаунттарында және БАҚ-та біз құрылыс жұмысын жүргізетін күмәнді ұйымдардың тізімін тұрақты түрде жариялаймыз», – деді Алтай Көлгінов.