«Ақшаны қорқытып аудартты»: шымкенттік кәсіпкер Қайрат Боранбаевтан зәбір көргенін мәлімдеді
Әділдік орнамаса ол іске қатысты лауазымды тұлғалардың атын атамақ
Шымкенттік кәсіпкер Үмбет Артықбаев Қайрат Боранбаевтан зәбір көргенін айтты. Кәсіпкердің сөзінше, олигарх оның табысынан үнемі үлес алып отырған. Қаражат жеке компаниялардың есеп-шотына аударылып келіпті. «маңдай термен тапқан қаражатқа Боранбаевтан бөлек құқық қорғаушылардың да көзі түсті» дейді ол.
Үмбет Артықбаев оңтүстік өңіріне танымал кәсіпкер. Ол минералды су шығарып, оны отандық нарыққа экспорттайды.
«Олигарх Қайрат Боранбаев пен ҰҚК-ның бұрынғы қызметкерлерінен жапа шеккен жеке кәсіпкермін. Боранбаевтың қысым көрсетуі салдарынан 100 миллион теңгеден астам ақшамнан қағылдым. Боранбаевтың ақшаны жалған фирмалар арқылы алғанын дәлелдей аламын. Бұл істе ҰҚК-ның бұрынғы қызметкерлерінің де қатысы бар. Қ. Боранбаевтың туысы, «Алекс-Сарыағаш» зауытының қауіпсіздік қызметінің бастығы Тимур Нұрланұлы Байболов маған «Смарт Логистик» ЖШС реквизиттерін беріп, «Бұл Қайрат Боранбаевтың тікелей тапсырмасы, бұдан былай өзіңе пайдадан түскен ақшаның жартысын осы реквизитке, яғни «Смарт Логистик» мекемесіне аударып отырасың» деп тікелей тапсырма берді. Мен амалсыз бұйрықты екі жыл қатарынан орындауға мәжбүр болдым», - деді шымкенттік кәсіпкер.
Қомақты қаражатынан айырылған кәсіпкер «Алекс-Сарыағаш» минералды су шығару зауытының ресми дистрибьюторы болған. Ол минералды суды Қазақстан аумағына таратумен айналысқан. Кәсібі өрге домалай бастағанда бопсалаушылар пайда болған көрінеді. Кәсіпкер осыдан екі жыл бұрын алғаш рет полицияға арызданғанмен, одан әлі күнге дейін ешбір нәтиже шықпағанын айтады.
«2018 жылы «Алекс-Сарыағаш» минералды су құю зауытының директоры Арман Төлегенұлы Бакеев деген мырза «Мадира» деген жеке кәсіпкердің реквизитін беріп, «енді бұрынғыдай ақшаны «Смарт Логистик» кәсіпорнына емес, осы «Мадира» ЖК-ның есеп шотына аударып отырасың», деп қосымша тағы тапсырма берді. Қатаң ескерту келген соң ол бұйрықты да орындауға мәжбүр болдым. Бұл мәселе бойынша мен алғаш 2020 жылы арыз жаздым. Содан бері құзырлы органдардың барлығын түгел аралап шықтым. Шымкент қалалық Полиция департаментінде іс қозғалып, барлық дәлелдер жинақталған кезде тергеуші қылмыстық істегі бұлтартпайтын дәлелдерді, айғақты құжаттар, бейнематериал, аудиожазбаларды қасақана жоқ қылып жіберді. Бұған дәлелім де, куәгерлерім де бар. Бірақ тиісті органдар түрлі сылтаумен олигарх Қайрат Боранбаев пен оның туыстары, ҰҚК бұрынғы қызметкерлерінің істеген ісін бүркемелеумен келеді», - деді жәбірленуші.
Ү.Артықбаев 2017-2019 жылдар аралығында жалпы соммасы 107 млн теңгеден астам қаражатты Боранбаевтар көрсеткен есеп-шотқа аударыпты. Кәсіпкер отбасында болып жатқан қиын жағдайды баяндап, қоғамнан араша сұрап отыр. Егер әділдік орнамаса бизнесті бопсалаумен айналысқан ҰҚК-ның бұрынғы қызметкерлерінің, істі бұрмалап келген тергеушінің, оның басшыларының да аты-жөнін қоғамға ашық айтпақ.
«Құқық қорғау органдары заңды белінен басты. Талай есікті тоздырдық. Іс қозғалғанмен, ешбірінен жауап ала алмадық, істі қайта-қайта қысқарта береді. Ешқандай заң жоқ. Бүкіл дәлел, сараптамалар бар болса да іс қысқарып кете береді. Бұның артында кім тұр? Генералдардың алдына дейінде бардық. Сонда да іс қозғалмады, сотқа жетпеді. Қылмыстық істі алаяқтық деп ашылады да, соңында басқа баппен қысқартылып кете береді. Алаяқтық әрекеттерді құжат жүзінде көрсетіп, дәлелдей аламын», - деді кәсіпкердің әйелі Гүлмира Артықбаева.
Еске салсақ, наурыз айының басында белгілі бизнесмен Қайрат Боранбаев аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Боранбаев – ірі кәсіпкер, ол Қазақстандағы, Беларусьтегі және Ресейдің бірнеше өңіріндегі McDonald's жылдам тамақтану желісінің иесі. Алматының ақылы автотұрақтары да осы Боранбаевқа тиесілі. Алматы әкімдігінен AParking үлесін Қайрат Боранбаев небәрі 5 млн теңгеге сатып алған. Оған «Алмалы» активтерді басқару компаниясы» және Fitnation фитнес-клубтар желісі, «Рахат Палас» отелі, Esentai Mall СОСО-ның 50%-ы, Esentai Tower БО-ның 50%-ы, «Қайрат» футбол клубы қарайды.