Еліміздің емдеу мекемелерінде 7 мың дәрігердің орны бос тұр

СҚО-ның кей ауылдарында медицина қызметкерлері болмағандықтан фельдшерлік-акушерлік пунктер жабылып жатыр

Еліміздің емдеу мекемелерінде 7 мың дәрігердің орны бос тұр
Фотоколлаж

Еліміздің емдеу мекемелерінде 7 мыңнан астам дәрігер тапшы. Әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, инфекционист, сәулелік диагностика мамандары жетіспейді. Мәселен Солтүстік Қазақстанда бірнеше жылдан бері 300-ге жуық дәрігердің орны бос тұр. Облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде жағдай тіпті күрделі. Кей ауылдарда медицина қызметкерлері болмағандықтан фельдшерлік-акушерлік пунктер жабылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

НАУҚАСТАР АУДАН ОРТАЛЫҚТАРЫНА САБЫЛАДЫ

Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылының тұрғыны Рүстем Өтеновтің жасы 82-де. Соңғы 30 жылдан бері зейнеткердің әр күні дәрі-дәрмекке тәуелді. Демікпеге шалдығып, есепте тұр. Созылмалы ауруының мазаламаған күні жоқ. Сондықтан дәрісін қалтасынан тастамайды.

«Ауырғаныма көп уақыт болды. Деміккенде тыныс ала алмай тұншығып кетемін. Қара терге түсемін. Тіпті дәрінің өзі кейде дәрменсіз болып қалады. Сол кезде дереу медициналық көмекке жүгінуім шарт. Әйтпесе тұншығып қалуға болады. Сондықтан есік алдында көлік үнемі дайын тұрады. Балам отырғызып алып аудандық ауруханадағы жедел-жәрдем қызметіне алып барады. Ондағылар дереу көмектеседі. Арбаға отырғызып алып, кабинеттен кабинетке сүйрейді. Ауылда мейірбике болғанда ауданға сабылмайтынбыз. Менің ауруымның сырын жақсы біледі. Қажетті алғашқы көмегін жасайтын. Қазір ол кісінің өзінің де денсаулығы жоқ. Әрі жасы жетіп, зейнет демалысына шығып кетті», - дейді Айымжан ауылының тұрғыны Рүстем Өтенов ақсақал.

МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ 10 ЖЫЛДАН БЕРІ ЖАБЫҚ ТҰР

Ауылдағы медициналық пункт 10 жыл бұрын жабылып қалған. Күтім көрмеген ғимараттың қабырғасы қаусап, төбесі құлап жатыр. Рүстем атайдың зайыбы Гүлсім Оспанова да зейнетте. Күндіз-түні отағасын күтумен болады. Соңғы кездері өзінің де денсаулығы сыр беріп жүргенін айтады. Ауылда маман болмағандықтан өз-өзіне тағайындау жасап, дәрі-дәрмектерді іше береді.

«Үйде көлік бар. Ол болмай қалса, алаңдап отырамыз. Қай сәтте дәрігерге бару керек екенін білмейсің. Отағасының ауруы аяқ астынан қысады. Жалпы ауылда дәрігерлік есепте тұрғандар жетерлік. Кәрі түгіл, жастар да ауырады. Бір ауылға бір маман керек. Әкімдік осыны ескеріп, бізге медицина қызметкерін әкелсе екен дейміз. Біздің үйде көлік бар. Ал көлігі жоқ адамдарға тіпті қиын», - дейді Айымжан ауылының тұрғыны Гүлсім Оспанова.

Елді мекенде 500-ге жуық тұрғын бар. Дені қарттар. Былтыр ауыл фельдшері зейнетке шыққан. Сол сәттен басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар аудан орталығына сабылуға мәжбүр. Көпшіліктің айтуынша, қыс мезгілінде аудан орталығына қатынау тіпті қиындайды. Кейде түтеген боран салдарынан жолдар жабылып, халық ауылдан шыға алмай қалады. Ал жолдар дер кезінде тазаланбайды.

Әбілқайыр Жұмабаев «Еңбек» бағдарламасы арқылы оңтүстік өңірден қоныс аударған. Жергілікті мектепте мұғалім болып еңбек етіп жүр. Дәрігерге қаралу үшін ауданға барып-келу қиын екенін айтады.

«Біреу кенет ауырып қалса, ине салатын адам жоқ. Кейде дәрігерге қаралуға аудандық аурухағана барғанда кезек көп болады. Бірінші күні қалаған кабинетке кіре алмай, екінші күні тағы да баратын кездер болады. Қайта-қайта жол жүруге бірінің шамасы келсе, екіншісінің шамасы келмейді», - дейді ол.

ЕМХАНАЛАР ҰЗЫН-СОНАР КЕЗЕКТЕН АРЫЛМАЙ КЕЛЕДІ

Маман тапшылығынан емханалар ұзын-сонар кезектен арыла алмай келеді. Мәселен, Петропавл қалалық 1-ші емхана 70 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Мекемеде штаттық кесте бойынша 130 дәрігер болуы шарт. Алайда 30-дан астам жұмыс орны бос тұр.

«Бұл жылдар бойы қалыптасқан маман тапшылығы. Оның орнын толтыру оңай емес. Өңірдегі емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері медициналық жоғары оқу орындарын аралап, студенттермен келісім шарт жасадық. Түлектердің басым бөлігі резидентурада білім алғысы келеді. Байқағаным, жас мамандардың солтүстік өңірлерге келгісі жоқ. Қазір дәрігерлерге жүктеме көп. Оны өзара бөлеміз. Еңбегіне тиісті ақы төленеді. Байқайтыным, қазір медициналық білім алған жастар косметология саласын көбірек таңдайды. Өйткені жұмысы жеңіл, жауапкершілігі аз, жалақысы көп», - дейді Петропавл қалалық 1-ші емханасы бас дәрігерінің м.а. Николай Новиков.

Өңірге келген жас мамандарға 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы беріліп, баспанамен қамтамасыз етіледі. Алайда әлеуметтік қолдау маман тапшылығы мәселесін шешуге септеспей отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жалпы Қазақстан бойынша денсаулық сақтау жүйесінде 14 мың кадр жетіспейді. Оның жартысына жуығы дәрігер болса, қалғаны орта медициналық қызметкер. Ең көп тапшылық Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Атап айтар болсақ, 1500-ден астам дәрігердің орны бос тұр. Одан кейінгі тізімді Қостанай және Алматы облыстары жалғайды. Сәйкесінше 738 және 642 маман қажет. Дәрігер тапшылығы шалғай елді мекендермен қатар, үкен қалаларда да бар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.