«Мені үш әріпке боқтап жіберді»: қазақ футболындағы дауға Берік Уәли араласты (ВИДЕО)
Матчтан кейін төрешінің матчтағы төрелігінен бөлек, ерсі сөздеріне қатысты дау шықты
Қазақстан футболында дау шықты. Семейдің «Елімай» командасы мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары арасындағы матчқа төреші болған Арман Исмұратовтың жұмысы жанкүйер тарапынан қатаң сынға ұшырады. Іске Абай облысының әкімі Берік Уәли де араласты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ойынның соңында төреші Арман Исмұратовтың «Елімайдың» ойыншысы Жанали Пайрузды ашықтан ашық боқтап жібергені, ал трибунаға кіріп бара жатып, команданың директоры Федор Семинидиге «алда әлі жарты маусым бар» деп көрмегенді көресіңдер деген сыңайда жаман сөз айтқаны видеоға түсіп қалды.
Матчтан кейін төрешінің матчтағы төрелігінен бөлек, ерсі сөздеріне қатысты дау шықты. «Елім-ай» командасының бас бапкері Андрей Карпович бас төрешісі Арман Исмұратовтың жұмысына көңілі толмайтынын айтып, матчтағы бірқатар шешімдермен келіспейтінін мәлімдеді.
«Бүгінгі матчтағы ең басты кейіпкер – бас төреші. Осы уақытқа дейін жұмыс істеп жүріп, төрешінің бапкерлермен және ойыншылармен мұндай қарым-қатынас жасағанын көрген емеспін. Бас төреші Исмұратов мені тура мағынасында үш әріпке боқтап жіберді. Мұны көргендер де, естігендер де бар, тіпті оның дәлелі де жеткілікті. Өйткені ол ойыннан қуылған Әли Пайруз да сол сәттің куәсі болды. Біз артық ештеңе айтқан жоқпыз. Бар болғаны: «Жанкүйерлердің не айтып жатқанын естіп тұрсыз ба?» деп сұрадық», – дейді бас бапкер.
Ол сөзін жалғай отырып, төрешінің өзіне де орынсыз сес көрсеткенін тілге тиек етті.
«Бүгін ол біздің облысты, стадионға келіп, командаға жанкүйер болған адамдардың бәрін өзінің қарым-қатынасымен қорлады. Оның үстіне чемпионаттың қалған бөлігінде «Елім-айды» қыспаққа аламын деді. Тіпті мені жеке түрде де «быт-шытымды шығарамын» деп айтты. Бас төрешінің сөзінің мәнін түсінгендеріңізді қалаймын. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Егер ол мені быт-шытымды шығарғысы келсе, мен кез келген уақытта дайынмын. Бірақ өзі қиын жағдайға тап болуы мүмкін», – деді Андрей Карпович.
Матчтағы болған даулы жағдайлардан кейін іске Абай облысының әкімі Берік Уәли де араласып, арнайы пікір білдірді.
«Кешеден бері жергілікті «Елімай» футбол клубының жанкүйерлерінен көптеген арыз-өтініш түсіп жатыр. Көтерілген мәселелердің мән-жайын жан-жақты зерделеп, әділдік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы үшін тиісті жұмыс жүргіземіз. Осы мәселеге байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен сөйлестім. Федерация басшысы барлық жайттың мұқият қаралатынын, арнайы комиссия құрылып, мәселе соңына дейін жеткізілетінін мәлімдеді. Әділеттілік жолындағы ұстанымымыз өзгермейді. Бұл мәселені бақылауда ұстаймыз», – дейді Берік Уәли.