Боксшы Нұрбек Оралбай Қытайда өтіп жатқан Әлем кубогының ширек финалына шықты
Отандасымыз Әлем кубогында 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатыр
Қазақстандық боксшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері әрі әлем чемпионы Нұрбек Оралбай Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing Әлем кубогындағы жарысты сәтті бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sports.kz-ке сілтеме жасап.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатқан отандасымыз 1/8 финал кезеңінде Оңтүстік Корея өкілі Ким Гичхэмен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында Нұрбек айқын басымдық танытып, қарсыласын үш рет нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төреші кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатып, қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша Нұрбек Оралбай турнирдің ширек финалына жолдама алып, медаль үшін күресті жалғастырады. Келесі кезеңде ол Өзбекстан боксшысы Турабек Хабибуллаевпен кездеседі.
Айта кетейік, Нұрбек Оралбай – Қазақстан құрамасының көшбасшы боксшыларының бірі. Ол 2023 жылы әлем чемпионы атанса, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.