$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы өтетін күн белгіленді

Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс сотқа түсті

Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы өтетін күн белгіленді
Фото: parlam.kz

Атырау облысы әкімінің орынбасары, Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытгүл Хаменоваға қатысты қылмыстық іс сотқа түсті. Басты сот отырысы 14 маусымда өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс Атырау қаласының №2 сотында қаралады.

«26 мамырда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға және Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты іс Атырау қаласы №2 сотының өндірісіне түсті. Іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (Пара алу) бойынша сотқа берілді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, «Б» ЖШС директорына қатысты Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігі (Пара беру) бойынша қылмыстық іс те сотқа берілді.

«Осыған байланысты басты сот отырысын өткізу жөнінде шешім қабылданды. Басты сот отырысын 2022 жылғы 14 маусымда сағат 14:45-те өткізу тағайындалды», -деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметі.

Тақырыпқа орай: «Екі баласына уақыты болмай еңбек еткен»: Бақытгүл Хаменованың сіңлісі өз шындығын айтты

Еске салсақ, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев былтыр желтоқсанда қамауға алынған болатын. Күдіктілерге Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алу күдігімен қылмыстық іс қозғалды.

Атырау облысының арнайы тергеу соты уақытша ұстау изоляторында отырған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу туралы санкция берген болатын. Кейін ол тергеу изоляторына қамалды.

Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына 2020 жылдың 13 желтоқсанда тағайындалған.

Ол жұртшылыққа Мәжіліс депутаты болып тұрған кезінде, 2017 жылы елордадағы Астана әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы ұсынысы арқылы танымал болды.   

Серіктес жаңалықтары