$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Істі болған Бақытгүл Хаменова қызметінен босатылды ма: облыс әкімдігі түсініктеме берді

Атырау облысы әкімдігінің сайтында Бақытгүл Хаменованың аты-жөні мен лауазымы әлі сақтаулы

Істі болған Бақытгүл Хаменова қызметінен босатылды ма: облыс әкімдігі түсініктеме берді

Атырау облысында Абай ескерткішін орнату жөнінде мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алу бойынша күдікке ілінген әкім орынбасары Бақытгүл Хаменованың лауазымы облыс әкімдігінің ресми сайтында әлі сақтаулы. Осыған қатысты Атырау облысының әкімдігі Azattyq Rýhy тілшісіне түсініктеме берді.

Атырау облысының әкімдігінің сайтында аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің бес орынбасары, оның біреуі қазір тергеліп жатқан Бақытгүл Хаменова бар екені жазылған.

Яғни, әкімдіктің ресми сайтында әкім орынбасарлары бөлімінде Бақытгүл Хаменованың суреті мен лауазымы әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Осы мәселеге қатысты облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарластық. Анықталғандай, Хаменованың өкілеттілігі қалған төрт орынбасар арасында бөлінген.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының  59-бабының 7) тармақшасына сәйкес мемлекеттік саяси қызметшілердің лауазымда атқаратын өкілеттіктері соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген кезде тоқтатылады. Қазіргі таңда Б.Хаменоваға қатысты іс бойынша сот процесі әлі жүріп жатыр. Сондықтан оның лауазымдық өкілеттіктері облыс әкімінің өзге орынбасарларына бөлініп берілді», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, дереккөз 18 наурыз күні Атырау қаласы №2 сотының үкімімен Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев ақталып, қызметіне оралғанын хабарлады. Нұрлыбаев 83 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. «Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес тағылған айып бойынша қылмыс құрамы болмағандықтан кінәсіз деп танылған», - дейді баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда әкімдердің орынбасарлары үшеу, ары кетсе төртеу болуы керек деген тапсырма жүктеген еді. Azattyq Rýhy еліміздегі 17 әкімнің қанша орынбасары бар екенін анықтап шықты.

Серіктес жаңалықтары