Асхат Оралов «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып, ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойды
Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Бүгін «AMANAT» партиясының өкілдері «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Павел Казанцевпен бірге «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Рәсімге қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
1921 жылдан 1954 жылға дейінгі кезеңде бүкіл одақта саяси баптар бойынша сотталғандардың жалпы саны 3 миллион 777 мыңға жетті. Оның ішінде 642 мыңына қатаң жаза жарияланды.
Қазақстан аумағында лагерлер мен қамау орындары бас басқармасы жүйесінің (ГУЛАГ) 11 мекемесі жұмыс істеді.
1921 жылдың күзіне қарай Кеңес одағында 20 миллионнан астам адам аштыққа ұшырады. 1932-1933 жылдары ең кемі 2 миллион қазақ аштықтан ажал құшты. Ал 200 мың қазақ басқа мемлекеттерге көшіп кетті.