$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жазушы Смағұл Елубай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алудың жаңа жолын ұсынды

Зиялы қауым өкілдері бұл күні мемлекеттік ту түсірілуі керек деп санайды

Жазушы Смағұл Елубай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алудың жаңа жолын ұсынды

Жазушы Смағұл Елубай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды өзгерту керек деп санайды. Жазушы дәл осы күні бүкіл ел көлемінде «Мәңгілік халық» шеруін өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ол бұл ұсынысты Алматыдағы қаралы жиын барысында айтты. Тарихшылардың сөзінше, сталиндік жүйенің құрбандары ақталғанмен, іс жүзінде құжаттарға қолжеткізу қиын. Зиялы қауым өкілдері осы қаралы күн қарсаңында гүл шоғын қоюға келген адамдар ғана емес, Парламенттегі депутаттар да құрбан болған адамдарды бір минут үнсіздікпен еске алып, мемлекеттік ту түсірілуі керек деп санайды.

«Мәңгілік халық» шеруі өтсе, сол шеруде жұрт ата-бабаларының суреттерін қолдарына ұстап шықса, ондай жақындары жоқ адамдар ашаршылық құрбандары бейнеленген картинаны көтерсе. Сөйтіп бұл шеру жалпыхалықтық сипатқа ие болса. Бұл ұсынысты қаралы жиынға келгендердің көбі қолдады. Ұл болып қайғыра білмеген халық, ұлт болып қуана да алмайды. Жоқтаусыз кеткен жарты халықты жалпы халық болып жоқтауымыз керек. Туымыз түсіріліп, теледидардағы ойын-сауық бағдарламалары тоқтатылып, Парламентте бір минуттық үнсіздік жарияланып, «Мәңгі халық» атты жалпыұлттық шеру өтуі керек деп санаймын. Сонда ғана құрбан болған миллиондаған адамды жоқтаудағы парызымыз өтеледі.

Парламент ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын атап өту туралы арнайы заң қабылдағанда, өкінішке қарай ашаршылық деген сөз түсіп қалды. Осы арқылы біз құрбан болған жарты халықтың әруағын санадан сүріп тастадық. Бұл біз үшін кешірілмейтін күнә. Бұл заң жақын арада қайта өзгертіліп, жөнделуі тиіс. Бүгінге дейін Парламент бірнәрсені ұмытып келеді, ол – құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алу. Соны 30 жыл бойы өткізе алмай келеміз, өте өкінішті», - деді жазушы Смағұл Елубай.

Елдегі зиялыларды жазалау барысында 25 мың адам жаламен атылып кетті. Там-тұмдап зерттелген мәліметтер бойынша, 1921 жылдан басталған жазалау жобасы 30 жылдан астам уақытқа жалғасқан. Солақай саясаттың қырына ілінгендердің саны 4 миллион адамға жуықтаған. Олардың арасында 6,4 мың адам ең қатаң жазаға тартылды. Тарихшы, академик Хангелді Әбжановтың сөзінше, алаштың арыстары ақталғанмен, олар туралы құжаттар іс жүзінде қолжетімді емес.

«Осы қасіретті айтқанда мына үш әділетсіздік еске түседі. 1920 жылы халықтың 80%-ы қазақ болса, 1959 жылы біз бар болғаны 29% ғана болып қалдық. Екінші қасірет – біздің зиялыларымыздың шейіт болғаны. Соның кесірінен тілімізден, дәстүрімізден айырылып, мәңгүрт болып қала жаздадық. Үшінші қасірет – жеріміздің талан-таражға салынуы. Анау Орынбор – кезінде қазақтың астанасы болған, мына Ташкент – қазақтың қаласы болған десең, қазір кім сенеді? Бөкейханның кітабында сол кездегі қазақ жерінің картасы бар, доп-домалақ шар сияқты. Қазіргі картамызда жеріміздің екі шеті жоқ.

Нәубет кезінде жүз, мың түрлі айла-тәсілдерге барды. Зорлық, әділетсіздіктер күн сайын жүрді. Біздің қасіретіміз өткен ғасырдың 21-23 немесе 37-38 жылдары ғана емес, 74 жылға созылды. Біздің әлі де жүздеген мың азаматымыз ақталмай жатыр. Біз бұл іске әлі күнге селсоқ қарап келеміз. Ақталды деген мына алаш азаматтарының құжаттары жабық. Құпия. Қолға бермейді», - деді ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Хангелді Әбжанов.

Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Әр жылдары елге 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, сондай-ақ Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар және басқалар күшпен әкелінген. Қазақстан аумағында жаламен қамалғандарды және олардың әйелдерін азаптап, қамауда ұстаған 11 мекеме жұмыс істеді.

«Мен Карлагта дүниеге келгенмін. Әкем – латыш, 1932 жылы ұсталған. 3 жылға сотталғанмен 12 жыл қамауда отырды. Анам – украин қызы, 10 жылға сотталып, 5 жыл түрмеде отырды. Атам да, әкем де «халық жауы» атанды. Кеңестік жүйе ойдан небір сұмдық өтіріктерді ойлап тапты. Коммунистер пролетариатта ұлт болмайды деді. Ұлттың болмауы мүмкін емес. Қамау, ату, азаптаудың жаңа толқыны 37 жылы тағы басталды. Қамайтын орындар Ақмоладан Қарағандыға дейін жалғасты. Сұмдық жайттардың бірі – халықты Қазақстанға күштеп қоныстандыру.Тамақ сұрамайтын, еңбекақы төлемейтін, тұратын үй-жайды қажет етпейтін түрмелердегі тұтқындар кеңес кезінде тегін жұмыс көзі болды. Бұл жайттардың бәрін ұмытпау үшін Қазақстандағы ескерткіштерді сақтауымыз керек», - деді кинорежиссер Геннадий Земель.

Серіктес жаңалықтары