Ақмолада ірі қара арасында аусыл шыққаны рас па: ветеринария басқармасы жауап берді
Басқарма дәл аусылдан мал шығыны болған жоқ дейді
Ақмола облысының Қорғалжын ауданына қарасты ауылдарда ірі қара мал арасында аусыл тіркелгені туралы ақпарат тарады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, індетке шалдыққан мал арасында шығын да бар, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бұл жағдайды Қорғалжын ауданына қарасты Қызылсай ауылдық округінің әкімі Мұрагер Аужанұлы да растады.
«Иә, Қызылсай ауылдық округіне қарасты ауылдарда осындай ауру тарап жатыр. Бұған дейін ірі қара малдарға аусылға варсы вакцина салынған. Алайда алғашқы вакцина нәтиже бермей, қазір басқа түрін егіп жатырмыз. Бұл жағдайдан ауданның бас ветеринариялық дәрігері де хабардар. Қазір мамандар мал басында жүр. Ауырған малды сойып, оның етін сатуға жол бермейміз», – деді әкім.
Дегенмен редакция жолдаған ресми сауалға Ақмола облысының ветеринария басқармасы басшысы, облыстың бас мемлекеттік ветеринариялық дәрігері өңірде жұқпалы мал ауруы тіркелмегенін хабарлаған еді.
«Жалпы, қазір облыс көлемінде ірі қара мал арасында жұқпалы аурулар тіркелмеген, эпизоотиялық жағдай қалыпты. Мал шығыны жоқ», – делінген ресми жауапта.
Сонымен қатар басқарма Жақсы ауданы Терісаққан ауылында бірнеше ірі қара малдың ауырған фактісі болғанын растады. Алайда ведомство олардың жұқпалы емес ішкі ауруларға шалдыққанын және кейін сауығып кеткенін мәлімдеді.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тараған «ауру киіктен жұқты» деген ақпаратқа қатысты мынаны мәлімдеді:
«Киіктер жабайы фаунаға жатады. Бір киіктің өлу фактісі байқалғанымен, оның ірі қара малының ауырғанына қатысы жоқ деп санаймыз».