«Отбасы мәселесіне мемлекет араласпау керек»: Аймағамбетов түлектердің кешіне қатысты қызу әңгімені жан-жақты талдап берді
Ол бұл кештерге қомақты қаражат жиналатынын да айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов түлектер кешіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз мынаны түсінуіміз керек: отбасының мәселесіне, жеке азаматтардың мәселесіне мемлекеттің араласа беруі, негізі, жақсылыққа әкелмейді. Біз енді отбасында «бүгін бірге кешкі ас ішіңіздер» немесе «велосипедпен жүргенде осылай жүр» деп айта алмаймыз ғой. Сондықтан заң аясында біз түлектердің кешін қалай өткізу керек деген нақты нормаларды енгізбеуіміз керек деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл қажет емес», – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, бұның себебі - бір жағынан аталып отырған саналы таңдау, екінші жағынан мектеп.
«Бұның алдында да бұл сұраққа жауап берген болатынмын. Негізі бұл – шын мәнінде үлкен мәселе: оқу бітіру кештері жыл сайын қайталанады. Егер қатаң тыйым салсақ, онда ол іс жүзінде орындалмайды, керісінше кейбір жағдайларда бақылаусыз өтетін жайттарға алып келеді. Кейбір оқушылар коттедж жалдап, басқа жерлерде ешқандай қадағалаусыз кеш өткізетін жағдайлар да кездеседі. Ашығын айтсақ, бұл тек тыйыммен шешілетін мәселе емес. Екінші жағынан, мұндай кештерді ұйымдастырса, мектеп өз жауапкершілігін де түсінуі керек. Өйткені кей жағдайларда жиналатын қаражат көлемі де өте көп болып кетеді – кей өңірлерде 200 мың, 300 мың, тіпті 400 мың теңгеге дейін жиналатынын көріп жүрміз. Бұл барлық отбасы үшін бірдей қолжетімді емес», – деді Аймағамбетов.
Экс-білім министрінің пікірінше, бұл мәселеде әлеуметтік теңдік мәселесі де бар.
«Әртүрлі санаттағы отбасылар бар және мұндай кештер баланың өмірін анықтайтын шешуші фактор емес. Бұл жалпы білім беру жүйесінен гөрі қоғам мәдениетіне қатысты мәселе. Сондықтан, бұны тек мектептің немесе тек мұғалімдердің міндеті деп қарауға болмайды. Оны тек заңмен толық реттеп тастау да дұрыс шешім емес. Біз бұған біржақты тыйым саламыз деп келеміз, бірақ оның да екінші жағы бар. Мектеп тыйым салса да, балалар басқа форматта өткізуге тырысады, ата-аналар чаттарында ақша жинау басталып кетеді, соның салдарынан келіспеушілік те туындайды. Сондықтан мектеп тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек, бірақ барлық жауапкершілікті тек мектепке артып қою да дұрыс емес. Бұл – жалпы қоғам мәдениетіне қатысты күрделі сұрақ», – деді ол.