Түркістан облысында туған сіңілісі әпкесіне бауырын беріп, ажалдан аман алып қалды (ВИДЕО)
Әпкесі 39 жаста болса, сіңілісі 36 жаста
Түркістан облысында 36 жастағы әйел 39 жастағы әпкесіне бауырын беріп, оның өміріне араша түскен. Операцияға Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, профессор, академик Болатбек Баймаханов жетекші болған, ал оның білікті командасы әйелге жаңа тыныс сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқарманың мәліметіне сүйенсек, 39 жастағы келіншек ұзақ уақыттан бері В гепатитімен ауырған. Оның арты цирроз дертіне ұласқан.
«Науқас 2015 жылдан бері диспансерлік бақылауда болған. Соңғы уақытта ауру асқынып, жалпы жағдайы нашарлаған. Дәрігерлер бауыр трансплантациясы оның өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы екенін айтқан», - деп жазады басқарма.
Осылайша, оның туған сіңілісі, 36 жастағы әйел донор болып, әпкесіне бауырын берген.
«Өз еркімен донор болуға келісім берген келіншекті дәрігерлер толық медициналық тексеруден өткізді. Сәйкес болған соң, дәрігерлер операцияны сәтті өткізді. Бұл – өңірдегі төртінші бауыр трансплантациясы», - деп жазады басқарманың баспасөз қызметі.