Таиландқа демалуға барып, 28 аптасында босанған әйел мен сәбиі арнайы ұшақпен Қазақстанға оралды (ВИДЕО)
Баланы Ұлттық шұғыл медицина мекемесінің дәрігерлері елге аман-есен жеткізген
Бұған дейін бірқатар ақпарат көздерінде жазылғандай, Қазақстанда тұратын ерлі-зайыпты Тайландқа демалуға барғанда, әйелдің аяқасты толғағы басталып, ол 28 аптасында босанып қалған еді. Арада бір жарым ай уақыт өткенде Қазақстанның санитарлы авиациясы бала мен анасын Қазақстанға жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
24 наурызда Пхукетте уақытынан ерте туған нәрестенің жағдайы күрделі болған. Шақалақ жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, үздіксіз оттегі қолдауына мұқтаж еді. Сондықтан дәрігерлер кішкентай пациентті арнайы транспорттық кювез арқылы Қазақстанға жеткізу туралы шешім қабылдаған.
Баланы Қазақстанға Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мобильді бригадасы әкелген. Бригада құрамында дәрігер Жасұлан Жұмғұлов, фельдшер Болат Шәріпов және неонатология департаментінің басшысы Асхат Қуанышбаев болды.
Қазір бала Алматыдағы Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығына жатыр. Қазір ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
«Отбасымыздың атынан санитарлық авиация қызметкерлеріне, дәрігерлерге, медициналық бригада мен экипажға шын жүректен алғыс айтамыз. Осындай қиын сәтте көрсеткен көмектеріңіз, жанашырлықтарыңыз, кәсібиліктеріңіз бен қолдауларыңыз біз үшін үлкен демеу болды. Сіздердің еңбектеріңіз бен адамгершіліктеріңізді ешқашан ұмытпаймыз», – деді сәбидің анасы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының парақшасында жарияланған пікірінде.
Еске сала кетсек, шамамен екі ай бұрын Қазақстаннан Таиландтқа демалуға барып, 28 аптасында ерте босанған келіншек пен баласы сол елдегі перзентханалардың біріндегі жансақтау бөліміне түскен еді. Шала туған баланы сол елдің дәрігерлері ИВЛ аппаратына қосып, инфекция мен пневмонияға күдік барын айтып, ем жүргізген. Отбасы күн сайын қымбат ем ақысын төлеуге мәжбүр болған: реанимациядағы бір күннің өзі шамамен 700 мың теңгеге түскен.
Әлеуметтік желіде сәбидің анасы Қазақстанда төрт баласы қалғанын айтып, отбасының ауыр қаржылық әрі психологиялық күйзелісті бастан өткеріп жатқанын да ашық айтқан. Оған қаржылай және психологиялық көмек көрсеткен отандастар әр жазбаның астына Денсаулық сақтау министрлігінің мамандарын белгілеп, көмек беруді сұраған.