ШҚО-да қолөнершілер екі бірдей әлемдік рекорд орнатты
Халықаралық фестиваль аясында 788 сәндік жастық тігілген
Шығыс Қазақстан облысында Халықаралық отбасы күніне орай «Ғасырлық дәстүрлер» халықаралық фестивалі өтті. Ауқымды шара барысында ұлттық қолөнер бағыты бойынша Global Best of Records халықаралық рекордтар кітабына екі бірдей жетістік ресми түрде тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Фестивальдің басты оқиғасы — қазақтың дәстүрлі құрақ құрау өнеріне негізделген «Аламан құрақ — 2026» жобасының әлемдік рекордтар тізіміне енуі болды. Рекорд аясында шеберлер көпшілік назарына ені 60 сантиметр болатын «Жылқы» сәндік жастықтарын ұсынды. Ұлттық нақышта безендірілген бұл бұйымдарға қазақ мәдениетіндегі еркіндік пен тектіліктің символы — қамбар ата түлігі бейнеленген. Іс-шараға арнайы 788 сәндік жастық тігілген. Бұл көрсеткіш Global Best of Records кітабына ресми түрде жазылды.
Фестиваль аяқталғаннан кейін рекорд орнатқан барлық сәндік жастық қайырымдылық мақсатында «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне табысталды.
Фестиваль аясында тіркелген тағы бір әлемдік жетістік — сәндік бұйымдарын арқалаған ісмерлер мен қолөнершілердің ұлттық шеруі болды. Көздің жауын алатын бұл ауқымды шеру халықаралық сарапшылармен жеке әлемдік рекорд ретінде бекітілді.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде халықтық қолөнерді дамыту мен мәдени мұраны сақтауға ерекше мән берілетінін атап өтті.
«Біздің өңір әрқашан бай мәдени мұрасымен және дәстүрге деген құрметімен ерекшеленіп келеді. Бүгінде біз қолөнершілерді қолдауға, креативті индустрияны дамытуға және бұл шеберлікті жас ұрпаққа аманаттауға барынша жағдай жасап жатырмыз», — деді өңір басшысы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, қазақтың қолданбалы өнерін халықаралық аренада танымал етуді көздейді.