Павлодарда жағдайы күрт нашарлаған әйел тікұшақпен Астанаға жедел жеткізілді

ТЖМ тікұшағы 42 жастағы әйелді медициналық мекемеге жеткізді

Павлодарда жағдайы күрт нашарлаған әйел тікұшақпен Астанаға жедел жеткізілді
Фото: © istockphoto.com

Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» тікұшағы медициналық көмекке мұқтаж болған 1984 жылғы пациентті тасымалдау үшін Астана – Павлодар – Астана бағыты бойынша шұғыл санитарлық рейс жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрліктің мәлімдеуінше, авиациялық экипаж шақырту түскен бойда белгіленген бағыт бойынша уақыт жоғалтпай көкке көтерілген. Нақты қандай диагноз екені жарияланбағанымен, науқастың жағдайы шұғыл тасымалдауды талап еткен.

Пациентті жеткізу барысында қауіпсіздік пен медициналық талаптардың барлығы қатаң сақталды. Ұшу кезінде санитарлық авиация мамандары әйелдің жағдайын үздіксіз бақылауда ұстап отырды. Нәтижесінде науқас Астана қаласындағы бейінді медициналық мекемеге аман-есен жеткізіліп, қабылдау бөліміне табысталды.

«ТЖМ авиациясы кез келген деңгейдегі тапсырмаларды орындауға және адам өмірін сақтап қалу үшін жедел әрекет етуге әрқашан дайын», — деп атап өтті мекеме өкілдері.

Қазіргі уақытта павлодарлық тұрғын Астананың білікті дәрігерлерінің қарамағында және оған қажетті ем шаралары көрсетіліп жатыр.