«Екі баласына уақыты болмай еңбек еткен»: Бақытгүл Хаменованың сіңлісі өз шындығын айтты

Шенеунік қазір үйқамақта отыр

Жуырда ғана «бюджет қаржысын жымқырды» деп қамауға алынған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың сіңлісі желіде жазба жариялады. Онда Айнұр әпкесінің екі баласына қарауға уақыты болмай, жауапкершілікпен еңбек еткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қымбатты достар! Отбасымыз үшін жайсыз тиген оқиғаға байланысты қолдауларыңызды білдіріп, жылы сөзбен демеп жатқандарыңыз үшін бек рақмет! Ғайбаттың жеті атасын жаудырып, сансыз сауапқа ие қылып жатқан «тілеулестерге де» рақмет! Әке мен шешенің адал тәрбиесін көрген, ізгі істерімен талай жанның, талай игінің батасын, алғысын алған апам Бақытгүлге бір Алла өзі жар болсын. «Алланың бергеніне қанағат» деген ұяда өскен апамның осы кезге дейін сүйенгені де, сенгені де – бір Алла. Екі баласына, туған-туыстарына көңіл бөлетін уақыты болмай, жауапкершілікпен еңбек еткеніне көбіңіз куәсіз. Әлі-ақ реттелер жағдай. Жығылған кезде жұдырықтамай, сүрінген сәтте сынамай, жәй ғана адам болып, тілеулестік танытқан әрқайсысыңызға Алла разы болсын!»,-деп жазды ол.

Еске салсақ, 10 желтоқсан күні Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтің 5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғандары белгілі болған. Хаменова ұсталғанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оны тергеу кезінде қамауда ұстауды соттан сұраған еді. Судья бұл өтінімді қабылдаған жоқ.

Сот Хаменованың жалғызбасты әйел екенін, тұрғылықты мекенжайы Атырауда екенін, құқық қорғау органдарынан жасырынбағанын, бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған екі баланы асырап отырғанын, қарауында қарт анасы бар екенін ескере отырып, оны үй қамақта ұстау туралы шешімге келген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.