Сот Бақытгүл Хаменованы неліктен үй қамағына алу туралы шешім қабылданғанын айтты

Azattyq Rýhy

Антикор шенеунікті 2 айға қамауды сұраған болатын

Сот Бақытгүл Хаменованы неліктен үй қамағына алу туралы шешім қабылданғанын айтты
Фото ашық дереккөзден

Атыраутың мамандандырылған тергеу соты облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы неліктен үй қамаққа алу туралы шешім шығарғанын түсіндірді. Бұған дейін шенеунік ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.

Еске салайық, Хаменова ұсталғанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оны тергеу кезінде қамауда ұстауды соттан сұраған еді. Судья бұл өтінімді қабылдаған жоқ.

Сот Хаменованың жалғызбасты әйел екенін, тұрғылықты мекен-жайы Атырауда екенін, құқық қорғау органдарынан жасырынбағанын, бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған екі баланы асырап отырғанын, қарауында қарт анасы бар екенін ескере отырып, оны үй қамақта ұстау туралы шешімге келген.

«Сонымен қатар, қылмыстық тергеу тобымен сотқа күдіктінің бостандықта отырып тергеу ісіне ықпал ете алатыны туралы бірде-бір дәлел келтірілмеген. Оның басқа жаққа қашып кететінін дәлелдейтін де бірде-бір факт жоқ», - делінген Атырау қалалық мамандандырылған тергеу тобының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, өткен аптада Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пара алды деген күдікпен ұсталған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.