Ресей депутаттары Қазақстандағы дерусификация мәселесін Думада талқылауы мүмкін
Олардың пікірінше, орыс тілінің қолдану аясын тарылтуға болмайды

Ресей Думасы Қазақастанда қабылданғалы жатқан тіл туралы заңға қатысты алаңдаушылық білдірді. Көрші елдің заң қабылдаушы органының жекелеген мүшелері «Қазақстандағы дерусификация мәселесі талқыланады», деген мәлімдеме таратты. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі Газета.ru ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Әңгіме жақында ҚР Сенаты мақұлдауынан өткен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында көрнекі ақпарат мәселелері бойынша заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң туралы болып отыр. Бұл заңды биыл 10 қазанда алғашқы оқылымда Парламент Мәжілісі депутаттары қолдаған еді. Өткен аптада сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы басқа да рекивизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің түпнұсқа аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу туралы заң жобасын жоғарғы палата да мақұлдап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жолдады.
Бұған дейін айтылғандай, Заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы басқа да рекивизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы және мәтіндердің түпнұсқа аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу болатын. Ол әсіресе коммерциялық салада жұмыс істейтін мекемелер мен бизнес субъектілеріне қатысты. Осы күнге дейін мемлекеттік тілге қатысты жиі қайталанатын олқылықтарды ескере келе, тиісті нормаларды қатаңдату қолға алынбақ.
Мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларын мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және (немесе) басқа да тілдерде жазуға бағытталған түзетулер енгізілген. Сондай-ақ, хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға көрсеткіштерін, ас мәзірін, нұсқағыштар мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс және (немесе) басқа да тілдерде орналастыруды көздейді.
Енді заң жобасын Президент мақұлдап қол қойса, ол жүзеге асырыла бастайтын болады. Осыған орай көрші Ресей баспасөзінде Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып жатыр деген сарында ақпарат тарап жатыр. «Топонимикалық нұсқаулықтар мен мемлекеттік емес ұйымдарда мемлекеттік тілдің рөлін арттыру – республикадағы орыссыздандыру саясатының күш алғанының көрінісі. Одан тыс қазақ тілінің латын графикасына көшуі де алаңдауға негіз болады. Сондықтан жекелеген депутаттар Қазақстандағы дерусификация мәселесін Мемлекеттік Думада арнайы талқылауды ұсынды», деп жазды ресейлік кей басылымдар.
Газета.ru ақпарат агенттігіне (сілтеме) сұқбат берген Мемлекеттік Думаның ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Константин Затулин Қазақстан Парламентінің шешімін Ресей жақтамайды деп мәлімдеген. «Біз ақылға салып шешуіміз керек, жағдай ушықпайтындай жолмен жүре отырып, белгілі бір позициямызда қалуымыз керек. Бұл елде орыс тілінің қолдану аясын тарылтуға болмайды. Біз аталған тақырыпты алдағы аптада комитетте талқылайтын боламыз», дейді депутат.
Бұл мәлімдемелерге қатысты Қазақстан тарапынан тиісті мемлекеттік органдар мен жоғарыдағы тіл туралы заңды қабылдаған депутаттардан реакция болған жоқ.