«Қайырымды істер» марафоны: елордада Рамазан айында 1,5 мың отбасыға азық-түлік себеті тапсырылады
Жыл басынан бері 10 мыңнан астам тұрғынға жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетілді
Нұр-Сұлтанда қасиетті Рамазан айында көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себетін тарату жалғасуда. Айта кетейік, жыл басынан бері елорданың 10 мыңнан астам тұрғынына жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтанда «Қайырымды істер» марафоны аясында қасиетті Рамазан айында тағы да 1,5 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасы азық-түлік себетін алады. Қайырымдылық іс-шарасын қала әкімдігі мен демеушілер бірлесіп ұйымдастырды.
Әкімдіктің хабарлауынша азық-түлік жиынтықтарын таратуға ҚМДБ, еріктілер және жанашыр азаматтар үлкен көмек көрсетуде. Ал азық-түлік себеттерін жинақтау Әзірет Сұлтан мешітінде жүргізілді, осы жерден елорданың 4 ауданындағы мұқтаж отбасыларға тасымалданды.
«Бүгін қасиетті Рамазан айында 1,5 мың азық-түлік себетін таратуды бастадық. Азық-түлік жиынтықтарын жағдайы төмен отбасылар алады, олардың арасында ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек жандар, зейнеткерлер, жетім балалар, көпбалалы аналар және т.б. бар. Азық-түлік жиынтығында ең қажетті тауарлар бар: май, ұн, күріш, жарма, қарақұмық, қант, шай, томат пастасы. Бір азық-түлік себетінің салмағы – шамамен 20-25 килограмм», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтері Дамир Айтымов.
Нұр-Сұлтан әкімдігі биыл Наурыз мерекесі «Қайырымды істер» марафонының аясында өткенін, ал өткен айда азық-түлік жиынтығын мыңнан астам мұқтаж отбасы алғанын, сол сияқты қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға кәсіпкерлер, ірі ұйымдар, еріктілер және қала тұрғындары көмек көрсеткенін айрықша атап өтті.
«Сауабы мол іс жасау қашанда маңызды болып қала бермек. Мұндай игі бастамалар көбейе береді деп үміттенеміз. Қайырымдылық шаралары кез келген адамның жүрегіне жылулық сыйлайды», - деді волонтер.
Өз кезегінде азық-түлік себетін алушылар ұйымдастырушыларға және қайырымдылық акциясына қатысқандарға алғыстарын білдірді.
«Жыл сайын осындай сыйлық алып тұрамыз. Бұл бізге үлкен жәрдем. Себетте қажетті тамақ өнімдерінің бәрі бар. Бізді назардан тыс қалдырмай, қасиетті Рамазан айында осындай көмек көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз. Елімізде тек бейбітшілік болсын! Демеушілерге, еріктілерге және әкімдікке рақметімді айтамын!» - деп бөлісті Сапура Байғуанова.
Азық-түлік себетін алғандардың бірі – Нұргүл Аймағамбетова ерекше қажеттіліктері бар баланың анасы. Ол елорда әкімдігіне, меценаттарға және еріктілерге алғысын білдірді.
Елорда әкімдігінің ұйымдастыруымен жыл басынан бері елорданың 10 мыңнан астам тұрғынына жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетілді.
Ал былтыр «Қайырымды істер» аясында мұқтаж жандарға 15 мыңнан астам азық-түлік себеті таратылған болатын.