Астанада жұмыссыздарды кәсіптік оқыту курстарына өтінім қабылданып жатыр

Azattyq Rýhy

Қысқамерзімді курстарға үміткерлерді қабылдау 25 сәуірде басталады

Астанада жұмыссыздарды кәсіптік оқыту курстарына өтінім қабылданып жатыр
Фото: egemen.kz

Астанада жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту курстарына өтінім қабылданып жатыр. Курс 25 сәуірде басталады. Кәсіптік оқытудың мерзімі біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 6 айдан аспайды. Мемлекет оқу шығындарын өтейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жұмыспен қамту орталығына сілтеме жасап.

«Атамекен» ҰКП тізілімінде тұрған білім беру мекемелерінде оқу барысында жұмыссызға ай сайынғы стипендия мен медициналық тексеруден өтуге біржолғы материалдық көмек төленеді. Халықты жұмыспен қамту орталығы, жұмыссыздар, білім беру мекемесі және жұмыс беруші арасында төртжақты әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс берушілердің тізбесін бекітті, олардың өтінімдерінің негізінде білім беру мекемелерінде жұмыссыз азаматтар үшін кәсіптік оқыту ұйымдастырылады. Жұмыс берушілерден қарауға 33 өтінім берілген, оның ішінде 28 өтінім 300 жұмыс орнына бекітілді.

Бекітілген тізбе 25 біліктілік атауынан тұрады: арматуршы, бетоншы, сырлаушы, әрлеу құрылыс жұмыстарының шебері, кран машинисі, автомобиль тиегішінің машинисі, жабдықты жөндеу және оған қызмет көрсету жөніндегі слесарь, кең бейінді станокшы, ілмектеуші, электр газбен дәнекерлеуші, электр жабдығын жөндеу және оған қызмет көрсету жөніндегі электр монтері, станоктар операторы, аспазшы, наубайшы, кондитер, тігінші, жоғары біліктілікті тігуші, кесте тігуші, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, күтуші, логопед, шебер шаштараз, флорист, бақылаушы-кассир.

Қысқамерзімді курстарға үміткерлерді қабылдау 25 сәуірде басталады, мекенжайы: Бейбітшілік көш, 9 үй (бұрынғы ОӘМ). Үміткерлер жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Тіркеусіз қабылдау жүргізілмейді. Осыған байланысты, үміткерлер enbek.kz, egov.kz порталдары арқылы немесе Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз тұлға ретінде алдын ала тіркелуі тиіс.

Қажетті құжаттар тізімі:

  • жеке басын куәландыратын құжат;
  • Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын құжаттар қоса беріледі. Болмаған жағдайда, соңғы 2 жылдағы зейнетақы қорынан үзінді көшірме ұсынылады (egov.kz арқылы алуға болады);
  • білімі туралы құжаттар (аттестат, куәлік, диплом), бар болса, оқудан өткенін растайтын құжаттар (куәлік, сертификат);
  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нысанға сәйкес Денсаулық жағдайы туралы анықтаманың көшірмесі;
  • Екінші деңгейдегі банкте ашылған ағымдағы (карточкалық) шоттың нөмірі.

Білім беру мекемесіне қабылданғаннан кейін денсаулық жағдайы туралы анықтаманың көшірмесі және ағымдағы (карточкалық) шоттың нөмірі ұсынылады.

Оқуға жұмыс берушінің іріктеуінен өткен жұмыссыз азаматтар жіберіледі.

Жұмыссыздармен төртжақты әлеуметтік келісімшарт жасалады, оның негізінде жұмыс беруші жұмыссызды мәлімделген жұмыс орнына кемінде 12 ай мерзімге жұмысқа орналастырады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.