«Халқымызды баға мен девальвация алқымнан қысып жатыр»: Ерлан Сайыров Үкімет басшысына сауал жолдады
Импорттан келетін өсімдікті қорғау құралдары қажеттіліктің 90 пайызын құрайды
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров халықаралық жағдайларға байланысты отандық бизнес өкілдері жүздеген миллион теңге шығынға ұшырап жатқанын айта келе Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінгі шиеленісті халықаралық жағдай отандық бизнес өкілдерінің мүдделеріне кері әсер етуде. Шиеленіс аймағында қазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі 1007 жүк вагоны тұрып қалған, 680 жүк вагоны шиеленіс аймағына жетпей тоқтатылған. Транзит құны екі есеге өсіп кеткен.
Логистиканың бұзылуына байланысты Еуропадан елімізге келетін тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу қиындап кеткен. Көктемгі егістік жұмыстарына тұтынуға қажетті ауқымның 50 пайызы ғана жеткізіледі деген болжам жасалуда. Ал импорттан келетін өсімдікті қорғау құралдары қажеттіліктің 90 пайызын құрайды!
Отандық бизнес өкілдері жүздеген миллион теңге шығынға ұшырауда. Үкімет қимылдап жатыр, бірақ мына заманда өте ширақ болу маңызды!» - деді Ерлан Сайыров.
Ол өз сөзінде еліміздің бизнесі көптеген халықаралық сауда бренділермен Ресей арқылы жұмыс істегенін айтып өтті. Ал ол бренділер көрші елмен байланысын үзіп жатыр.
Сол сияқты мұнай тасымалдаудың да проблемасы қылтиып тұрғанын тілге тиек етіп өтті.
«Неге Үкімет кезінде мұнай тасымалы, сауда бренділерінің балама логистикасын ойластырмаған?! Ресей рублінің тез босаңсуы біздің елімізге көршімізден азық-түлік импортының еселеп өсуіне алып келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде қазақстандық азық-түлік өндірушілердің жағдайын мүлдем тұралатып жіберуі ықтимал!
«Жығылған үстіне жұдырық» болып халқымызды баға мен девальвация алқымнан қысып жатыр! «AMANAT» партиясының сайлаушылары осы мәселелер бойынша алаңдаулы!» - дей келе мынадай сауалын жолдады.
- Қазақстанның тасымал логистикасын әртараптандыруға қандай қадамдар жасалуда?
- Халықаралық сауда бренділерінің Қазақстанмен тікелей жұмыс істеуін қамтамассыз ету үшін не істелуде?
- Мұнай тасымалын әртараптандыруға қандай әрекет жасалуда?
- Жалпы, турбуленттік кезеңде, Қазақстанның экономикалық мүдделерін қорғаудың жаңа философиясы бар ма?
Осы мәселені заңда белгіленген мерзімде қарастырып, жауап беруіңізді сұраймыз.