Нұр-Сұлтанда 2030 жылға қарай 400 мыңға жуық оқушы болады – Алтай Көлгінов
2022 жылы елордада тағы 16 мектеп бой көтермек
Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында елордада 20 мыңнан астам оқушы орны бар 7 мектептің ашылуы өтеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордада жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны түлектер санынан 3 есе көп болуда. Соңғы 10 жылдың ішінде оқушылар саны 3 есеге артқан екен.
«2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мыңға жуық оқушы болады деп ойлаймыз. Әрине, бұл керемет перспектива, тиісінше бұл көбірек мектеп салуды талап етеді. Биыл біз 15 мектеп салдық, бұл 40 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді, өткен 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге көп, ал 2019 жылмен салыстырғанда төрт есе көп», - деді Алтай Көлгінов.
2022 жылы елордада тағы 16 мектеп бой көтермек. Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 70-ке жуық мектеп салу жоспарланған. Бұл процеске жеке инвестициялар да тартылғаны айтылды.
«Құрылыс кезінде мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы да ескеріледі: IT және STEM-кабинеттерде оқушылар 3D-объектілерді құра алады, роботтарды үлгілей алады, ғылыми-техникалық білімдерін бірден практикада қолдана алады; инклюзия, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері және т.б. Оқу орындарының құрылысымен қатар, қолданыстағы оқу орындарына да тиісті көңіл бөлінеді – 26 білім беру нысаны (мектептер, балабақшалар, колледждер) жөнделді», - деп нақтылады қала әкімі.