БҚО-да студенттерге арналған жатақхананың құрылысы тоқтап қалды

Құрылыс жұмысына 1,7 млрд теңге бөлінген  

БҚО-да студенттерге арналған жатақхананың құрылысы тоқтап қалды

Батыс Қазақстан облысында студенттерге арналған жатақхананың құрылысы тоқтап қалды. Мердігер компания құрылысты сегізінші қабатқа дейін көтеріп қойған. Алайда әкімдік жұмысты жоспарлау кезінде аумақтағы тұрғын үйлерді ескермеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Енді жатақхананың аумағына кіріп кеткен тұрғындар құрылысқа кедергі келтіріп отыр. 

«Міне сегізінші қабатқа дейін көтеріп, бетонды құйып қойдық. Тоғызыншы қабаты басталған. Қазір шағын проблемалардың кесірінен құрылысты тоқтауға мәжбүрміз. Байбаламды шешіп, құрылысты тоқтатпай жүргізу керек. Президентіміздің тікелей тапсырмасы, жолдауы бойынша салынып жатқандықтан тез арада кедергілерді шешіп, іске кірісуіміз керек қой», - деді Бас мердігер Бекболат Шканов.

Құрылыс басталмай жатып дау шыққан. Жатақхананың дәл іргесінде жекеменшік тұрғын үй тұр. Үйдің иелері жатақхананың салынуына қарсы емес. Тек бұрыннан тұрып жатқан олар баспанасы мен жеріне өтемақы төлесін деп отыр. Кездескен кедергіні тапсырыс берушілер жылдам шешпегендіктен мердігерлер де  жұмысты уақытылы аяқтай алмауы мүмкін.

«Жауаптылардың бірде біреуі өтемақы туралы айтып көрген жоқ. Олар менің жеріме де құрылыс саламыз деп ойлап жүр. Ал мен БҰҰ-ға дейін шағымданамын. Осы маңдағы, Орал қаласындағы үйлердің бағасы 45-50 миллион теңгеге дейін барады. Сол шығынды төлесе жерді босатып беруге дайынмын. Бірақ әлі ол мәселені шешкен жоқ», - деді үйдің иесі Дулат Жұмахметов.

Президент Тоқаевтың 90 мың орындық жатақхана салу туралы тапсырмасын облыс әкімдері мандытпай тұр дейді мердігер. Бұл мәселеге облыс әкімі де, Білім және ғылым министрлігі де мән бермеген. Жаңа нысанның құрылысына 1 млрд 700 млн теңге бөлініпті. Қазір оқу орнының басшылары мен тұрғын үйдің иесі соттасып жатыр. Даудың әлі күнге шешілмеуі екі ортада құрылысты жүргізіп жатқан бас мердігерге кедергі келтіріп келеді. Ал жатақхананың құрылысын жобалаушы компания тапсырма түскен кезде жердің даулы екенін білмедік дейді.

«Біз құрылыстың құжаттарын жоспарлағанда ондай мәселе барын білмедік. Бізге әкелген құжаттарда жердің бәрі өзіміздікі деп айтылған. Біз ешбір жұмысты құжатсыз бастамаймыз. Сметалық жобалау жұмыстарын сараптамадан өткіздік. Егер сәл кемшілік болса сараптама жүргізетін мекеме құжаттарды қабылдамайды. Құрылыстың жұмыстарына көңіліміз толады, мамандарымыз күнделікті барып тексеріп тұрады», - деді «ТЕХНОПРОЕКТ.KZ» ЖШС директоры Ғизат Халилов.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевтің сөзінше университеттің  500 студенті келесі оқу жылынан бастап осында орналасу керек болған. Құрылысқа жауаптылар жергілікті биліктен мәселенің тезірек шешілуін талап етуде. Өйтпеген жағдайда, студенттер келесі жылы да  жатақханасыз қалып, пәтер жалдауға мәжбүр болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.