Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 50 адамға қатысты сот шешімі шықты
Айыпталушылардың бірі ақталып шықты
Бүгін Жамбыл облыстық соты Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың ісі бойынша шешім шығарды. Жалпы 51 адамға айып тағылып, олардың бірі кінәсіз екені дәлелденіп, ақталып шықты. 19 адамға қатысты бас бостандығынан айыру (5 жылдан 17 жылға дейін) түріндегі жаза тағайындалды. Ал залалды өтеген 31 адам бес жылдан бір жылға дейінгі шартты мерзімге сотталды. Келтірілген залал көлемі 800 миллион теңгеден асады.
Жалпы, Қордайдағы қақтығыс бойынша 59 адам қылмыстық жауапқа тартылды. 2020 жылдың 29 сәуірінде Қордайдағы қақтығысқа қатысқан азаматтардың бірі Алматыдағы қамау изоляторында қайтыс болды.
2020 жылдың 29 қыркүйегінде Алматы гарнизоны әскери сотының Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 7 адамды соттады. Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен, ұрлық жасағаны және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін әскери қызметші У. Атанбаев, сондай-ақ А. Тілеуғалиев, А. Нұраханов, Е. Буралкинов, Р. Бежібай, М. Дүйсенбаев және Б. Ибрагимов 3-тен 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айыруға сотталды.
Алайда, 2020 жылдың 20 қарашасында Сот алқасының шешімімен сотталған жеті адамның төртеуіне қатысты бас бостандығынан айыру жазасы бостандығын шектеуге ауыстырылды. Өйткені, жәбірленуші тарап төрт сотталушыға қатысты жазаны жеңілдетуді сұраған.