Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 4 адамның жазасы жеңілдетілді
Жәбірленушілер төрт сотталушыға қатысты жазаны жеңілдетуді сұраған

ҚР Әскери соты 2020 жылдың ақпан айында болған Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік бойынша 7 адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Бірінші сатыдағы сот үкімімен:
- Олардың үшеуі 5, 7, 9 жылға аса ірі мөлшердегі бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бас бостандығынан айырылды (ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы).
- Қалған төртеуі жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны және шақырғаны үшін 3 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылды (ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы, 2-3 бөлігі).
Сотталушылардан екі жәбірленушінің пайдасына материалдық шығын өндірілді: 24 702 109 теңге және 4 077 000 теңге, моральдық шығын ретінде 1 000 000 теңге өтемақы.
Апелляциялық шешім бойынша мына мәселелер ескерілген:
- жәбірленушілердің төрт сотталушыға қатысты жазаны жеңілдету туралы пікірі;
- мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының позициясы;
- жазаны жеңілдететін мән-жайлар жиынтығы;
- әрбір сотталушының тәртіпсіздік кезіндегі іс-әрекеті.
Сот алқасының шешімімен сотталған жеті адамның төртеуіне қатысты бас бостандығынан айыру жазасы бостандығын шектеуге ауыстырылды. Қалған үшеуіне қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. Өйткені олар жәбірленуші Б.-ға 24 702 109 теңге мөлшерінде келтірілген материалдық шығынды өтемеген, сондай-ақ екеуіне қатысты қылмыстың қайталану жағдайы болған.
Еске сала кетейік, 8 ақпанда Қордай ауданының үш ауылында екі мыңнан астам адам қатысқан жаппай тәртіпсіздік болды. Нәтижесінде 11 адам қаза тауып, оның 10-ы адам қолынан, бір адам жанып жатқан сауда орталығының қирауы салдарынан қайтыс болды. 140 азамат пен 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды. 164 тұрғын үй және сауда объектісі, 100-ден астам автокөлік зақымданды. Жәбірленуші - 342 адам, іс бойынша 400-ден астам түрлі сот сараптамасы жүргізілді, 1,5 мыңнан астам адамнан жауап алынды. Атап өту керек, тәртіпсіздікке қатысушылар мен белсенділер екі жақтан да болды.