Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 7 адам сотталды

Олар 3 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды

Қордайдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 7 адам сотталды
Фото: ашық дереккөзден

29 қыркүйекте БАҚ-та Алматы гарнизоны әскери сотының Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан жеті адамды соттағаны хабарланды. Бұл ақпаратты  ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі растады. Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен, ұрлық жасағаны және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін әскери қызметші У. Атанбаев, сондай-ақ А. Тілеуғалиев, А. Нұраханов, Е. Буралкинов, Р. Бежібай, М. Дүйсенбаев және Б. Ибрагимов 3-тен 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айыруға сотталды.

«Бұрын тергеу барысында У. Атанбаевқа және оның сыбайластарына қатысты материалдар істің әскери соттың соттылығына жатқызылуына байланысты жеке іс жүргізуге бөлектеніп алынған болатын. Сонымен қатар 21 шілдеде арнайы прокурорлар 51 адамға қатысты тергеуді аяқтады. Оларға ағымдағы жылдың ақпан айында Масаншы, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында болған оқиғалар барысында күш қолдану, кісі өлтіру, мүлікті өртеу және қирату, жаппай тәртіпсіздіктерге арандату және билік өкілдерінің талаптарына бағынбау бойынша айып тағылды. Қазіргі уақытта айыпталушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуда, содан кейін іс сотқа жолданатын болады», - деп хабарлады.

Сондай-ақ Бас прокуратура баспасөз қызметі наурыз бен тамыз айлары аралығында полицейлерге зорлық-зомбылық көрсеткен ағайынды Воингуйдің (18 наурызда 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды), Құдашбаевтарға қатысты адамдар тобында денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені және бұзақылық жасағаны үшін әкелі-балалы Юнхудың (24 сәуірде әрқайсысы сәйкесінше 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды және шектелді), 54 дана «Молотов» коктейлін дайындағаны және тасымалдағаны үшін Р. Вейсердің (12 тамызда 3 жылға бас бостандығынан айырылды) сотталғанын еске салды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.