Түркістан әуежайынан алғашқы халықаралық рейс ашылды

Билет құны 39 999 теңгеден басталады

Түркістан әуежайынан алғашқы халықаралық рейс ашылды

21 наурызда, Наурыз мейрамы қарсаңында Елбасының және Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен құрылған алғашқы отандық лоукост әуе тасымалдаушысы Fly Arystan әуе компаниясы Қазақстанның рухани астанасы Түркістан қаласынан Ыстамбұлға алғашқы халықаралық тұрақты рейсті орындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында аптасына 2 рейспен, жұма және жексенбі күндері А-320 әуе кемесі тұрақты түрде ұшып отырады. Кейіннен рейстер саны аптасына 7-ге дейін (күн сайын) көбейеді.

Билет құны 39 999 теңгеден басталады. Түркістан – Ыстамбұл алғашқы рейсіне 176 билет сатылды (98%).

Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап (2020 жылғы 1 желтоқсан) Түркістан қаласы әуежайынан 80-нен астам рейс ұшып, 23 мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 85% құрады.

«Бүгінгі таңда Түркістан қаласы әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларына ішкі рейстер орындалуда. Биыл жылдың екінші тоқсанынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) аптасына 53 рейспен байланыстыру жоспарланып отыр», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Түркістан қаласының әуежайы шет елдердің әуе компанияларының ұшуы үшін «ашық аспан» режиміне енгізілген. Бұл ұшу географиясын кеңейту үшін әуежайды тартымды етеді және шетелдік туристерді көптеп тартуға ықпал етеді.

Түркістаннан Новосибирскіге (РФ), Бішкекке (Қырғызстан), Ташкентке (Өзбекстан) және т.б. жаңа рейстерді іске қосу жоспарда бар. Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.