ШұғылCOVID-19: өткен тәулікте 1266 адамнан коронавирус анықталды

«Жабайылық»: Экология министрі Алматыда ағаш кескендер жайлы

Ағашты заңсыз кескендерге салынатын айыппұл көлемі екі есе артқан

Фото: Facebook

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматы қаласында ағашты заңсыз отағандарға қатысты пікір білдірді.

«Кеше біз Алматыда ағаштарды жабайылықпен кесу фактісіне куә болдық. Оқиғаның қоғам ашуын тудыруы орынды. Мұндай жағдайларға жол беруге болмайды. Қазір елімізде атмосфералық ауаның ахуалын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде, Экологиялық кодекс қабылданып жатыр, Президент 2 млрд-тан астам ағаш егуге тапсырма берді. Жұрт болып жұмылып, бір мақсат жолында жұмыс істеп жатқанда, мұндай заңсыз ағаш кесу жағдайы тіптен орынсыз», - деп жазды министр Twitter-парақшасында.

Министрдің айтуынша, биыл ағаш кесуге қатысты жауапкершілікті арттыру бойынша заңға өзгерістер енгізілген. 1 ағаш кесілсе, орнына 10 ағаш егу өтемақысы енгізілді, айыппұл көлемі екі есеге артқан.

«Табиғи ресурстарымызға ұқыпты қарауға шақырамын. Бір ағаш жайқалып өсуі үшін ондаған жылдар керек. Келешегіміз - біздің экологиялық мәдениетіміздің деңгейіне тікелей байланысты», - деп түйіндеді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды

Қалалық прокуратура Төле би мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты қылмыстық іс қозғады.