$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.11.2020, 12:35
Жаңалықтар

Ақмола облысында сегіз балалы ана ұлттық киім және көрпелер тігетін кәсіп ашты

Марта Хайсар 20 жылдан бері тігіншілікпен айналысады 

Ақмола облысында сегіз балалы ана ұлттық киім және көрпелер тігетін кәсіп ашты

Ақмола облысының Бұланды ауданындағы сегіз баланың анасы ұлттық нақыштағы киім-кешек пен көрпе-жастық тігеді. Өз ісіне шын берілген кәсіпкер балаларын да тігін өнеріне баули бастаған. Ине-жіпті осыдан жиырма жыл бұрын қолға алған әйелді бүгінде өз ісінің хас шебері деуге болады. Іскер әйел Марта Хайсармен Azattyq Rýhy тілшісі тілдесіп қайтқан болатын.

«БАСТАУ БИЗНЕС» ЖОБАСЫМЕН КӘСІП АШҚАН  

Көпбалалы ана Марта Хайсар - Моңғолия елінен 2005 жылы көшіп келген қандастарымыздың бірі. Анасынан ине-жіптің қыр-сырын үйренген Марта ұлттық құндылықтарды заманауи бағытта одан ары жетілдіруді жөн санапты. Бірнеше жыл мұғалімдік қызмет еткенімен, тігін өнеріне деген құмарлық оны біржола ата кәсіпті жалғастыруға бет бұрғызыпты. Сөйтіп «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен өз кәсібін ашуға мүмкіндік алған.

«Тігін ісі және тоқымашылық өнермен жиырма жылдан бері айналысып келемін. Үш жылдан бері кәсіпкерлік бағдарламасына оқуға өтінім беріп жүрдім. Бірақ кәсіпкерлікті тек өткен жылы ғана қолға алдым. Оған Бұланды ауданында «Бастау Бизнес» жобасымен оқудың арқасында қол жеткіздім. Бізге бизнес жасаудың қыр-сырын меңгертіп, істі дамытудың жолдарын түсіндірді. Сәуір айында бір ай бойы оқу барысында кәсіпкерлікке дағдыланып қана қоймай, алдағы бағыт-бағдарымды да айқындап алдым. Маған 500 мың теңгеден астам грант ұсынды. Қыркүйек айында мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 485 мың теңге сомасында грант алып, оған екі бірдей тігін машиналарын сатып алдым. Содан бері тапсырыспен ұлттық нақыштағы ою-өрнектер салынған көрпе-жастықтар мен киім-кешектер тіге бастадым», - дейді Марта Хайсар.

Марта ұлттық киімдер мен тұрмыстық заттарды өз қиялымен заманауи бағытта жасауды жөн деп тапқан. Осылайша қамзол, шапан, қыз жасауы, қыз көрпе, күйеу көрпе, немере көрпе, қоржын қалта, тойбастар сияқты сан-алуан түрлерін тігіп шығарған. Мұнымен қоса, арқан мен жіп есу, киіз бен сырмақ тігу де қолынан келеді.

«КӨМЕКШІМ – ҚЫЗДАРЫМ»

Көпбалалы іскер әйел кәсібін дөңгелетуге жұбайы мен қыздарының да қолғабыс еткенін айтады. Қыздары да анасынан үйреніп, өз киімдерін өздері тігіп алатын деңгейге жеткен.

«Құдайға шүкір, Алланың берген екі ұлым мен алты қызым бар. Балаларым маған еш кедергі емес, керісінше, көмектесіп, кесте және тоқыма тігуді біршама меңгеріп алды. Үлкен қызым жоғары оқу орнында екінші курста оқиды. Үлкен ұлым Алматы қаласындағы дизайнерлікке оқып жатыр. Қыздарым қазір өз киімдерін өздері тіге береді. Алдымен сабақтарын оқып алады. Бәрінің де оқу үлгерімі ойдағыдай. Өнер және спорт түрлерінен түрлі үйірмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ал екінші сыныптағы қызым, менің қасымнан шықпай жүріп қуыршағының киімдерін өзі тігіп алатын болды. Үй ішінде жұмыс істеу ыңғайсыздау болған соң жұбайыма жеке шағын цех бөлмесін жасаттым. Қазір екі тігін машинасымен жұмыс істеймін. Күндіз басқа шаруалар көп болғандықтан, жұмысты негізінен түнгі тыныштықта орындағанды жөн көремін», - дейді Марта Хайсар.               

Тігіншінің айтуынша, ұлттық үлгідегі киім-кешектер мен көрпелерге қызығушылық аса жоғары. Әсіресе, Павлодар,  Қарағанды, Степногор қалаларынан арнайы келіп алғандар да болыпты. Тапсырыстар негізінен, қыз жасауына және той-томалақтарға орай түскен. Бірақ елде індет тарап, карантин енгізілуіне байланысты жұмыс уақытша тоқтап қалған.

«Ұлттық киім-кешектер мен көрпе-жастықтарды ұнатып тапсырыс беретіндер көп болған. Әсіресе, қыз жасауына, құдалық пен той-томалаққа арналған бұйымдарды бұландылықтардың бәрі менен алатын. Бірақ елдегі карантин ісімнің тоқтап қалуына себепші болды. Ең алдымен, тігін тігетін материалдардың бәрін Моңғолиядан алдыратын едім. Өйткені, маталары бір жағынан сапалы болса, екіншіден, бағасы біздегіден әлдеқайда арзан. Шекараның жабылуына байланысты маталарды жеткізе алмай қалдым. Содан Алматыдан, кейде елордадан алатын болдым. Той-томалаққа рұқсаттың берілмеуі де жұмыстың азаюына әкеліп соқты. Қазір екі айдан бері бірде-бір тапсырыс түскен жоқ. Материалдар алып жұмысты кеңейту үшін банктен несие де алмақ болдым. Бірақ кепілге қоятын меншіктің болмауына байланысты банктер қаржы бермей отыр. Келер жылы карантин аяқталса қарастырамыз деді, - дейді Марта Хайсар.

ҚЫРҒЫЗ БЕН ӨЗБЕКТІҢ ТАУАРЛАРЫ ОТАНДЫҚ ӨНІМГЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕДІ

Ісмер әйел мұнымен қоса, отандық тігіншілердің көршілес өзбектер мен қырғыздардың өнімдерінен қиындыққа тап болатынын да атап өтті.

«Өзбекстан мен Қырғызстаннан жеткізілетін көрпелер мен жасау-жабдықтар біздің жасағанымыздан айтарлықтай арзан. Айналасы 4-5 мың теңгеге көрпелерді сата береді. Мен әдейі сатып алып та көрдім. Көрпенің ішіне неше түрлі қоқысты сала береді екен. Ал мен таза мақтадан тігемін. Сондықтан оның өзіндік құны да қымбаттай береді. Біздікі шамамен 13-15 мың теңгеге бағаланады. Оны 10 мың теңгеге дейін төмендетсең, материалдың құны мен жұмысыңды ақтамай қалады. Ал халықтың арзанға қарай жүгіретін әдеті ғой», - дейді тігінші.

Бұланды аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, биыл кәсіп ашуға ниет білдірген 208 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыған. Оның 168-і сертификат алып, грантпен қаржыландыруға өтінім беріпті. Сөйтіп, арнайы комиссияның қарауымен 35 кәсіпкер жалпы сомасы 18 миллион теңге грант алған. Сонымен қатар, қосымша тағы 15 грант бөлініпті.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары