Алматыда ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
13 ағаштың заңсыз кесілгені анықталды

Алматы қаласы прокуратурасы Төле би мен Әуезов көшелерінің қиылысындағы ағаштарды заңсыз кескендерге қатысты қылмыстық іс қозғады. «Sulpak» дүкенінің алдында емен және қарағаштар кесілген. Аталған ағаштарды кесуге уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан рұқсат берілмеген болып шықты. Бұл заңсыздықты байқаған қала тұрғындары полицияға шағымданған.
«Аталған факт бойынша Алматы қаласының табиғатты қорғау прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы (ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу барысында тиісті сараптамалар тағайындалады, оның нәтижелері бойынша залал бағаланады және құқықтық баға беріледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Алматы қаласы прокуратурасының бақылауында», - делінген қалалық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа аталған жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы