Қостанай облысында құс тұмауына байланысты тағы 3 елдімекен карантинге жабылады
Өткен аптада үш елдімекен карантинге жабылған

Қостанай облысында құс тұмауына байланысты тағы 3 ауыл карантинге жабылады. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Самат Қалиев мәлімдеді, деп хабарлайды kstnews.kz.
«Арқалық қаласы Родина ауылында орналасқан «Агроинтерптица» ЖШС құс фабрикасынан құс тұмауы анықталды (ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божконың айтуынша, бұл жерде 500 мыңнан астам құс қырылған - ред.). Арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Фабрика жанында блок-бекеттер қойылды. Құс тұмауы жақын маңдағы Фурманова ауылында да анықталды. Целинный ауылына қатысты сынақ нәтижелері әлі келген жоқ. Осыған байланысты карантин жариялау туралы қаулы әзірленіп жатыр», - деді басқарма басшысы.
Алдағы уақытта Қарабалық ауданындағы Михайловка ауылы да карантинге жабылады. Ол жерде 100-ден астам құс өлген.
«Бастапқыда тапсырыс бойынша вакцинаның 21 мың дозасын пайдаландық. Қосымша 470 мың сұралды. Қазірдің өзінде республикалық қордан 366 218 доза вакцина алынды», - дейді басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, өткен аптада Сарыкөл ауданының Маяк ауылы, Ұзынкөл ауданының Сокол және Меңдіқара ауданының Красная Пресня ауылдары құс тұмауы тіркелгендіктен 21 күнге карантинге жабылды.