$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.10.2020, 11:44
Жаңалықтар

Сенатор құс тұмауына байланысты Үкіметке бес ұсыныс жолдады

Депутат АШМ мен құс өсірушілер одағы ұсынған екі түрлі мәліметті сынға алды

Сенатор құс тұмауына байланысты Үкіметке бес ұсыныс жолдады
фото: parlam.kz

Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин құс тұмауына байланысты Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

«Бұл індеттің экономикалық залалы өте үлкен, оның салдары тек үй құстарының иелеріне ғана емес, мемлекет тарапынан да қатаң карантиндік және ветеринариялық-санитариялық іс-шараларды жүргізуді енгізуге, соның ішінде ауру құстарды жоюға және де оларды жаппай вакцинациялауға, құс иелеріне өтемақы (компенсация) беру мәселелері мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсіретіні анық», - дейді сенатор.

Депутат Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметін алға тартып, Қазақстан бойынша 117 елдімекенде аталған індеттен әртүрлі 576 мың бас құс қырылғанын айтты. Ал, Қазақстан құс өсірушілер одағының мәліметтері бойынша, құс тұмауының салдарынан құстардың өлімі Солтүстік Қазақстан облысында 768,8 мың бас (екі құс фабрикасы) және Қостанай облысында (бір құс фабрикасы) 360 мың басты құрайды, яғни тек үш құс фабрикасында қырылған құстың саны 1 млн 128 мыңнан асып отыр.

«Бұл ретте, АШМ-нің деректеріне сәйкес, арнайы құрылған тиісті комиссиялар кей шаруашылықтарда құс шығынының технологиялық, өндірістік себептерін, сондай-ақ құс тұмауынан өлген құстардың нақты санындағы қателіктерді анықтаған. Мұндай келеңсіз жағдайлар, еліміздегі құс шаруашылығы саласының дамуына кері әсерін тигізу қауіпінің өте жоғары екенін көрсетеді. Статистикалық деректердің жүйесіздігі, құс өсірушілердің жауапсыздығы, жауапты мемлекеттік органдардың қамсыз болуы, яғни дер кезінде індеттің алдын алу шараларын жүргізуге қатысты жұмыстары да біршама сұрақ тудырып отыр», - дейді депутаттық сауалында.

Сенатор елімізде құс етінің 45 пайызы импортталатынын айтып, ендігі кезекте, құс тұмауы салдарынан бұл көрсеткіштің өсуі және де отандық өнімдердің бағасы қымбаттауы әбден мүмкін екенін жеткізді.

«Өкінішке қарай, Қазақстандағы құс шаруашылығы саласындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстардың төмен деңгейінің салдарынан инкубациялық жұмыртқа, тәуліктік балапандар сияқты асыл тұқымды өнімдер негізінен жақын және алыс шет елдерден импортталады. Бұл ретте, отандық құс өндірушілерде өз кросстарының болмауы жағдайды одан сайын күрделендіруде», - дп тоқталды.

Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру ережелеріне» сәйкес нақты өндірісі 100 млн данадан астам жұмыртқа өндіретін құс фабрикалар 1 дана үшін 1,2 теңге норматив бойынша субсидия ала алады. Сенатордың айтуынша, құс тұмауына байланысты кәсіпорындар биыл бұл жоспарды орындай алмайды.

«Қазірдің өзінде, құс тұмауына байланысты, отандық кәсіпорындарда құс санының айтарлықтай мөлшерде қысқаруына байланысты, олар жыл қорытындысы бойынша 100 млн дана жұмыртқа шығара алмайтыны белгілі болып отыр. Бұл - өз ретінде алынған субсидияларды қайтаруға міндеттеуге әкеліп соқтырады. Сондықтан да, аталған мәселе қосымша зерделенуі тиіс», - дейді сенатор.

Сенатор Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында төмендегідей бес ұсынысты қарастыруды сұраған:

  • 1) Құс тұмауының өршу себептеріне, тиісті ветеринарлық іс-шаралардың орындалуына жан-жақты тексеру жүргізу;
  • 2) Құстардың қауіпті ауруларына қарсы міндетті вакцинациялау үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
  • 3) Індет салдарынан (құс тұмауы) жойылған үй құстары үшін нарықтық құны бойынша өтемақы төлеу;
  • 4) Жұмыртқа өндірудің нақты көлеміне қарамастан, барлық құс фабрикалары үшін бірыңғай норматив белгілей отырып, субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру;
  • 5) Ветеринариялық препараттарды мемлекеттік сатып алуды  оңтайландыру және үй құстарын сақтандыру бағдарламасын әзірлеу ұсынылады.
Серіктес жаңалықтары